Наурыз көжеге белгілі бір дәмді ғана салу керек д - құттықтау

Наурыз көжеге белгілі бір дәмді ғана салу керек д

Наурыз көжеге белгілі бір дәмді ғана салу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Жеті түрлі дәм салынады әрі «тек мына дәм салыну керек» деп шектеу қоймаған. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тек міндетті түрде дәм саны жетеу болған. Сөйтіп, Наурыз күні қазандар көжеге толады. Ауыл ақсақалдар бастаған кісілер үйлерге кезегімен кіріп, қонақ болады. Әдетте әйелдер ыдыс ала жүреді. Әр үйден құйып әкелген көжені өз үйінің қазанында қалған көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдіреді.

Көжені ыдысқа толтырып құяды, бұл – «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырзығы кем болады дейді.

Көже пісіріп, қазан-ошақ басында жүрген келіндерді шақырып, ақсақал аталар :

Көже істеген келіндер,

Көпке жаққан елшіл бол!

Бозторғайдай елшіл бол!

Ор қояндай көзді бол!

Шешен тілді сөзді бол!

Өркенді бол, ойлы бол!

Өз құрбыңның алды бол! –

деп бата берген.


Наурыз құттықтаулар » Ресми мерекелерге »