Жездеме - құттықтау

Жездеме

Қадірлі жезде!

Сізді бүгін алпыстың төрінен, абыройдың бигінен көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл төрге қалай шыққаныңыз, биікке қалай көтерілгеніңіз біздің көз алдымызда, көңілімізде. Сіздің қаншалықты асқақ болған сайын, соншалықты биязы кісілік, кішілілік қасиеттеріңізді ел алдында үнемі үлгі етіп айтып жүреміз, ағайын мақтан етіп келеді.

Адамда үш қуаныш болады деген халықтың даналық сөзі бар. Олар – алғыс алу, өзіңді көптің іздеуі және ісіңнің өшпеуі екен. Бүгін біз осының бәрін Сіздің өз басыңыздан, отбасыңыздан, ортаңыздан көреміз.

Сіздің төңірегіне нұрын төгетін жарық шамдай ашық та көпшіл, бауырмалдық қасиеттеріңізді біз үнемі сезініп келеміз. Мұны Сізбен жанасқан әрбір жанның сезінбеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Нақ осы мінез байлығы, парасат кеңдігі, қабілет құнары Сізді бүгінгі күні туған елдің, өскен ортаның, еңбектес ұжымның, әріптестеріңіздің терең де зор құрметіне бөлеп отыр.

Апайымыз мәртебелі қызметті тыңғылықты атқарумен қатар Сіздің бабыңызды таба білген жайлы мінезі, елгезектігі өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан халқымыз айта берер үш биік: даңқ, дәулет, даналық тоғысқан, ердің жасы алпысқа келіп толысқан шағыңызда шалқар тойыңызға құтты болсын айтамыз, қуанамыз.

Алла тағала осы абыройыңыздан айырмасын, елім, Отаным деп соққан жүрегіңіз қартаймасын. Апайыма екеуіңіз көпке жасаған игі істеріңіздің, балаларға жұмсаған бейнеттеріңіздің жемісін көре беріңіздер.

 

Құрметпен,

балдызыңыз


Келініме » Туыстарға »