Махаббат күніне арналған өлеңдер - құттықтау

Махаббат күніне арналған өлеңдер

Келді бүгін бар сырын қозғағалы   (Махаббат күніне орай өтінішпен жазылған жырлар) Жігіт сөзі: Жан сырымды көзімнен жалықпай ұқ, Бөтен мінез ешқашан танытпайық. Сынарына сыр ашқан қос аққудай, Махаббаттың көгінде қалықтайық. Бір өзіңді ойлаудан тасынғаным, Тәубе дейік жолыққан ғасырға мың. Қанатыңмен жебеген,ақ періштем, Сенсің енді таң жұлдыз,асыл бағым! Тек сен жайлы жайлы жүректен тарасын ән, Қымбат дер ем өзіңді бар асылдан. Көрдім сені,ұнатып сүйдім сені, Таңдап алып көп қыздың арасынан. Сені көрдім-басқаны елемедім, Жүрегімді жауладың неге менің?! Сен бола алсаң айнымас Қыз-Жібегім, Мен болайын мәңгілік Төлегенің! Бергеннен соң тәңірім ердің жүгін, Қыздар жақтан сезімнің тердім гүлін. Бір өзіңді көрдім де,содан бері, Махаббаттың барына сендім бүгін. Жан екенсің жырдағы Баяндайын, Енді,жаным,несіне алаңдайын. Баян болып сен менің бағымды ашсаң, Қозың болып қалайша жаралмайын. Таптым сені аралап қыздар бағын, Теңемеймін өзіңді қыздарға мың. Сені ойлайын,сәт сайын,сағат сайын, Көшесінде жүргенде Қызылорданың. Махаббаттың бағында егіз жанбыз, Шуақ шашқан,гүл атқан кезің,бал қыз. Біз бір қайың жарасып қатар өскен, Жүрек жалғыз,сен жалғыз,сезім жалғыз! Қыз сөзі: Үмітімді дегенде үзді ме мұң? Әкелер деп қорқып ем күзгі лебін. Серілердің сырынан күдер үзіп, Жүргенімде сен ұқтың қыз-жүрегін. Ермеп едім ешкімнің ырқына әлі, Енді көңіл өзің деп ұмтылады. Менің нәзік жүрегім сырға толы, Тек сені ойлап,сені ойлап бұлқынады. Қуат жатар жігіттің сөзінде бір, Ұнатасың-бар сырың көзіңде тұр. Алып-ұшып барады қыз-көңілім, Қыз-жүрегім өртенді сезімге бір.
Армандар боп жүректен озған әні, Келді бүгін бар сырын қозғағалы. Ерке-елік бойжеткен,ұғын да оны, Кеудесінен итерме бозбаланы. Айтылмасын тағдырдың ызғар әні, Сүйеді ару,сондықтан қызғанады. Сенім артты ол бүгін махаббатқа, Жетелетіп арманы қыз баланы. Бейтаныстар болса егер-танысыңдар, Күтіп тұрған тағдырдан тағы сын бар. Сыңар жүрек жандарға мүмкіндік мол, Ғашық жандар,осы күн табысыңдар! Сезім жыры болмаса ән келмейді, Ыстық көңіл жарасып,жан тербейді. Бар болса егер өмірде ғашық жандар, Ізгіліктің рухы мәңгі өлмейді!               Қыз сыры     (өтінішпен жазылған) Махаббат көліне арайлы аққуы қонған күні, Сенім биігінде алаулы үміттің жанған күні, Аққу-сезімімнің ән боп самғаған арман күні- Жолықтым саған. Көңіліңнің толқыны сайтан сезімге ерген күні, Мынау ұлы далаға бір жаңа леп келген түні, Менің нәзік жүрегім махаббат дүниесіне сенген күні- Біз түсінік таппадык. Қыз-намысым абырой биігінен көрінгені үшін, Қыз-жүрегім махаббат тазалығына берілгені үшін, Ар-намысым жеңіл ләззаттан жерінгені үшін- Кінәладың мені. Сенің жігіттік биігіңе сенгенім үшін, Сене тұрып,соңыңнан ергенім үшін, Сені бар жігіттен артық көргенім үшін- Мен кінәлі емеспін. Бір сені ессіз көбелектей сүйгенім үшін, Жүректе ойнаған сезім атты күйлерім үшін, Сенің алдыңда қыз-тәкаппарлығымды игенім үшін- Кінәла мені. Сен жайлы құрбыға айтқан мақтаным үшін, Түн қойнында сені ғана ойлап жатқаным үшін, Бір сен деп көз ілмеген ақ таңым үшін- Кінәла мені. Саған деген тазалықтан өзге айдында жүзбегенім үшін, Көкіректегі "менімді" жоғалтып,"БІЗ" дегенім үшін, Өмір толқынынан тек сені іздегенім үшін- Кінәла мені. Өзгелер үшін Махаббат деп аталатынымыз үшін, Өзге жұптарға тигізер шапағатымыз үшін, Көз жасы киелі махаббатымыз үшін- Түсін мені! Өлеңдердің авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Ғашығыма » Соңғы қосылған дүниелер »