Зейнеп Ахметова Мүшел есебі - құттықтау

Зейнеп Ахметова Мүшел есебі

Зейнеп АХМЕТОВА: Қазақтың көне күнтізбесінің көрінісі – мүшел есебі "Қазақ күнтізбесі дегенді қалай түсініп жүрміз, дәрігерлердің "өтпелі кезең" деп атайтын кезеңін біздің халқымыз ежелден білген бе, мүшел жастың ерекшелігі жайлы не білеміз?" деген сияқты сансыз сауалдарға жауапты әдеттегідей айдарымыздың тұрақты кейіпкері Зейнеп апайдан сұрап білдік. Сонымен... ЖЫЛДЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ  Қазақ халқы табиғат құбылыстарының, атап айтсақ, күн мен түннің алмасуын, айдың жаңалануын, жыл мезгілдерінің қайталанып отыруын аспан әлемін жіті бақылай жүріп, ұшан-теңіз мағлұмат алған. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса жинақталған тәжірибесін қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсінік-ұғымдарымен білім жиған. Соның нәтижесінде көшпенді халықтың тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру салтына орасан пайдасы бар байырғы қазақ күнтізбесі қалыптасқан. Күн, ай, тоқсан, жыл санау есебі мен жұлдыздар қозғалысын білу арқылы жайлауға көшу, күзеу мен қыстауға уақытымен келу, қой қырқу, күйек алу, мал төлдету, шөп шабу, соғым сою, т.б. шаруашылық мезгілдерін белгілеп отырған. Сол секілді ұлан-байтақ кең далада, таулы аймақтарда көшіп-қону, мал бағу, жолаушы жүру, жоқ қарау, аң аулау, қараңғы түнде жұлдызға қарап бағыт-бағдар белгілеп, өткел, суат, қоныс, құдықтарды дәл табуды қазақтар жете білген.  Қазақтың көне күнтізбесінің бірегей көрінісі - мүшел есебі. Халқымыз уақыт есебін мүшел жылы бойынша жүргізген. Әрбір жылды хайуан атымен атайтынын кез келген қазақ біледі. Сөз реті келіп тұрғанда марқұм атаның немересі Ержанға жыл атауларын қалай үйреткенін айта кетейін. "Тышқан жылы - тыныштық; Сиыр жылы - сыйлық; Барыс жылы - бірлік; Қоян жылы - қамбалы; Ұлу жылы - үлгілі; Жылан жылы - жайлы; Жылқы жылы - жұтсыз; Қой жылы - құтты; Мешін жылы - мерейлі; Тауық жылы - табысты; Ит жылы - игілік; Доңыз жылы - дүниелі", - деп әрқайсысының мағынасын ашып түсіндірді. Тұла бойы құт-береке молшылыққа, бейбіт тыныштыққа бағышталған жыл атауларын бала түгілі, оның әке-шешесі - біз естімеген едік. Жылдың жаманы жоқ екен. Оны жақсы ететін де, бүлдіретін де адамдардың ниет-пиғылы мен іс-әрекеті екенін түсіндік. Ата ары қарай түйе бойына сеніп тұрғанда тышқан алтын нұр - жылды бірінші көріп, жыл басы дәрежесіне ие болғаны жайлы жалпы ел білетін аңызды айтты. Сонда немересі: "Түйе мақтаншақ! Түйе мақтаншақ!" деп балалығына басып жіберді. Атасы оған: "Олай деме, түйе - қасиетті жануар. Түйе жылдың басы болмағанымен, он екі жылды бойына сыйғызып тұр. Түйеде он екі жылдың нұсқасы бар. Құлағы - тышқан, бақайы - сиыр, тірсегі - барыс, еріні - қоян, төбесі (қарақұсы) - жылқы, тісі - қой, жүні - мешін, мойыны - тауық, шөккені - ұлу, қабағы - жылан, табаны - ит, құйрығы - доңыз", - дегенде түйенің сыртқы жаратылыс пошымын көз алдымызға келтіріп, қайран қалып едік... Мұны да жастарымыздың біле жүргені дұрыс.  АЛҒАШҚЫ МҮШЕЛ - АДАМ ӨМІРІНІҢ ҮЛКЕН БІР БЕЛЕСІ  Қазақтың байырғы күнтізбесіндегі ерте заманнан келе жатқан мүшел жылы есебінің қазақ өмірінде мәні зор. Мүшелмен жас санау, жыл қайыру халық даналығынан шыққан ұтымды да ыңғайлы әдіс болғанын бұл күнде маман ғалымдар бұлтарусыз мойындап отыр. Менің бала кезімде ата-әжелер жасын мүшелмен айтатын. "Бес мүшелден үш жас астым" немесе "жеті мүшелге жеттік қой..." деп отырушы еді. Мүшел жылы Ұлыстың ұлы күні - Наурызда ауысады. Наурыздан бұрын немесе кейін туғанына қарай жаңа туған баланың жылын белгілеген екен. Қазақ бірінші мүшелді он үш деп алып, ары қарай он екі жылдан қосып, келесі мүшелді шығара береді. Жас кезімде анамнан: "Неге бірінші мүшел - он үш, қалғандары он екіден? - деп сұрағанымда: "Баланың іште жатқан мерзімінің есебі, өйткені ана құрсағында шарана өмір сүріп жетіліп, жарық дүниеге келеді", - деп айтқаны есімде қалыпты.  Алғашқы мүшел - адам өмірінің үлкен бір белесі, яғни балалықпен қоштасып, бойы ғана емес, сана-сезімі, ақыл-ойы да өзгеріп, ересек өмір-тіршілікке қадам басуының бір баспалдағы. "Он үште - отау иесі" дегенді халқымыз мүшелмен байланыстырып айтқан. Ата-әжелер балаға: "Қарағым, мүшелге толдың, оң-солыңды танитын санатқа іліктің, сенімен санасатын, ой бөлісетін кезең келді. Енді ат жалын тартып мініп, тізгін ұстайтын азаматтығың мен өзіңнен кейінгіні жетелеп демейтін ағалық жолың басталды", - деп он үштегі бозбалаға міндет-парыз жүктеп, сенім артады екен. Бұл - мән-мағынасы терең аталы сөз, үлкен тәрбие жолы.  Әдетте дәрігерлер мен психолог мамандардың "өтпелі жас" (переходной возраст), "қауіпті жас" (опасный возраст) дейтіндері баланың он екіге толып, ары қарай мүшелге кіретін, он үшке толып ары қарай мүшелден шығатын мерзіміне тура келеді екен. Бұл жаста жеткіншектердің көпшілігі өзінікін мақұл көретін - өзімшіл, әр нәрсеге еліктегіш, жақсы мен жаманның, адал мен арамның аражігін ажыратпай, тентектігін - ерлікке, ерсілігін өжеттікке балап, олай да, бұлай да шайқалатын ұрымтал тұсы екенін өмір көрсетіп жүр. Қазір өрімдей балалардың есірткіге әуестенуі, ұрлыққа бейімделуі, қаңғыбастыққа салынуы секілді індеттердің көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине, кез келген ата-ана баласының қисық жолға түскенін қаламайды. Әйтсе де, ата-бабалар - "мүшел жасы", мамандар "өтпелі жас", "қауіпті жас" деп атаған кезеңде балаға ата-ананың сақтықпен қадағалайтын қырағылығы, ақылмен тәрбие сіңіретін парасаты, мейірім мен сенімге құрылған қарым-қатынасы болса, талай қателіктерден аман өтері анық.  МҮШЕЛ ЖАСТА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?  Қазақ ұғымында кез келген мүшел жас қатерлі болып саналады. Бұл негізсіз жай сөз емес. Қазір ғалымдар әрбір он екі жылда адам ағзасында елеулі өзгерістердің болатынын дәлелдеп отыр. "Ғылым енді ашқан жаңалықты бәленбай ғасыр бұрын бабаларымыз қалай білген, қандай түйсікпен сезінген" деп таңғаласыз. Мүшел жастың біз сырын әлі жете білмейтін құпиясы бар. Пендешілікпен байқамаймыз, ойланбаймыз, тылсымға сене бермейміз. Өйткені жетпіс жылға жуық құдайсыз қоғамды бастан өткіздік. Байыптап барлап қарасаңыз, мүшел жаста өлім-жітім, апат, қырсық-кедергілер жиі кездеседі. Сол үшін бұрынғылар мүшел жаста құдайы беріп, дастарқан жайған. Обалды түсініп, сауап жасауға тырысқан. Кісі ақысын жемей, арамға қол созбай, өтірік-өсектен аулақ болуды парыз санаған. "Құдайы" дегенді талай адамдар тек Құран оқып, бет сипаумен байланыстырады. Шындап келгенде, бұл - әрбір адамның, ең алдымен, өз ар-ұятының алдында өзіне есеп беруі. Біліп істеген, білмей істеген күнәлары үшін Алладан кешірім өтініп, тәубеге келуі әрі азға да, көпке де қанағатты болып, шүкіршілік етуі деп түсінген жөн.  Мұндайда кейбіреулер "мүшелде киім беру керек" деп өзінің кимейтін керексіздерін өзгеге беріп жатады. Мен көрген үлкендер өзінің ең жақсы көретін киімін беруші еді. Құдайға шүкір, біз сол көнекөздерден үлгі-өнеге алдық. Сондай бір көргенді көріністі айта кеткен артық болмас. 1996 жылы қараша айының басында консерваторияның концерт залында Сыр елінің әйгілі әншісі, белгілі сазгер Әлмұрза Ноғайбаевтың бір тамаша ән кеші өтті. Кеш барысында Әлмұрза көпшілікке қарап: "Бүгін - менің туған күнім. Жай туған күн емес, отыз жеті - мүшел жасым. Халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша мүшелде адам қимас киімін шын жүректен басқаға сыйлауы керек. Менің киімдерімнің ішіндегі өзім үшін ең қымбаты әрі бағалысы батыр Бәукең атамыздың қара шаңырағынан киген зерлі шапаным еді. Қадірлеп, қастерлеп үлкен сахналарда ғана киюші едім. Осы күнге аман-сау жетіп, алдарыңызда ән шырқап тұрғаныма Аллаға шүкіршілік етіп, мен де бабалар дәстүрін орындайын", - деп бір кезде өзім иығына жапқан шапанды інілік ізетпен сыйлы бір ағасына кигізді. Сол сәтте көрермен тікесінен тік тұрып қол соғып, қошемет жасаған еді...  Баз біреулер "әйтеуір қайыр-садақа берсем, мүшелден кедергісіз өтемін" деп ағат ойлайды. Егер адамның ішкі жан дүниесі тазармаса, күншілдік, менмендік, мақтаншақтық, жалқаулық сияқты жаман әдеттерінен құтылмаса, басынан кесек алтын айналдырып садақа берсе де, көкірегі көр күйі қала береді. Өз басым осыны естен шығармаған жөн дер едім.  "Жолашар" ырымы туралы, мұның қандай мәні бар? "Тоқымқағарда" не сыр бар? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.  Дайындаған  Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Салт-дәстүрлер » Салт-дәстүрлер »