Әке беделі /әзіл-әңгіме/ Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Әке беделі /әзіл-әңгіме/ Ғабиден Қожахмет

Әке беделі(әзіл)   -Мамаларың кезінде өзі ғашық болған... "Кім кімге ғашық болыпты! Қой,айналайын! Айтасың-ау сен де!" Күйеуінің балаларының көзінше қалжыңдап айтқан бір ауыз сөзіне әйел осылай деп жауап бергісі келіп тұрды да,"отбасында балалардың алдында әке беделін сақтауда әйел адамның ролі өте жоғары" деген әлдебір журналдан оқыған пікірі есіне түсіп кетіп,лезде өзгере қалды: -Құдай-ай,сен де қай-қайдағыны еске түсіріп... -Мама! Мама! Ол не? Айтшы! Қалай болып еді өзі?.. -Туу,сендер де құлақтарыңа бірдеңе тисе болды ғой енді...Ол папаларыңның армиядан келген кезі ғой.Үстінде солдат формасы.Құйып қойғандай.Қолын әлсін-әлсін белдігіне апарып,сыпайы жымия беретіні өзіне сондай жарасып тұрушы еді.Әскерден өзінен бұрын келген жолдастарымен бірге мектептің жанынан өтеді... -Мектептің?.. Сіз мектепте не істеп жүрсіз?.. -Ойбай,ол уақытта бітіруші сыныпта оқып жүрген кезім ғой.Солдат мектептің жанынан өткен сайын,бар қыздың көзі-сонда.Оны айтасың,мектептің жас мұғалима апайларының өзі сол кезде мұғалімдер кеңсесінің терезесінен үңіле-үңіле қалушы еді.Тіпті содан бір айдай бұрын ғана тұрмыс құрған Қадиша апайдың өзі де әлденеге өкінгендей басын шайқай беретін. -О,папам күшті болған екен ғой!.. -Сол кезде ауылға қаладан бір үш-төрт желөкпелеу мінезді қыз келіп жатты.Сол қыздар да қайтпай жатып алғаны.Жыным келеді әлгі қыздарға. -Не үшін жыныңыз келеді оларға? -Білмеймін не үшін жыным келетінін.Ол қыздарды тіпті танымаймын да ғой.Айдалада біреудің үйіне келіп жатқан қыздар.Солар қайта қоймады деп жыным келіп жүр.Үйге барамын да жылаймын. -Неге жылайсыз сонда?.. -Білмеймін неге жылайтынымды.Әйтеуір,жылағым келе беретін. -Мектепте бір тәжірибелі,байырғы ұстаз апайымыз болды.Сол кезде жасы зейнет демалысына жақындап қалған кісі еді.Сол ұстаз апайым бұрын маған: "Сүлейменова,сен біздің мектебіміздің болашақ мақтанышына айналуға тиістісің.Сен Алматы кетіп оқуың керек.Ғалым болуың керек"-деп үнемі айта беретін.Енді сол апайым: "Сүлейменова,саған не болып жүр осы? Сабаққа салғырт қарайтын болып кеттің ғой"-дейтін болды.Үндемеймін.Тек терезеге телміре берем.Бір күні апайым да терезеге қарап қалды.Қанша айтқанмен,педагог кісі емес пе,бірден түсінді.Тек бар айтқаны: "Әй,Сүлейменова,сені Алматы күтіп жатыр ғой"-деді. -Ойшыл болып кеткен едім.Қолыма сөмкемді ұстап алып,сабақтан үн-түнсіз төмен қарап,ойланып келе жатамын.Бір күні сөйтіп келе жатып,біреуге соқтығысып қала жаздағаным.Басымды көтеріп қарасам,алдымда солдат тұр.Құдай біледі деп айтайын,сонда жүрегімнің тарсылдап соққаны солдатқа естіліп тұрған шығар.Жүзім тұп-тура алабұртып кеткен болу керек.Не сөйлесіп,не қойғанымызды да білмеймін,тек,әйтеуір,"кездесейік" дегені ғана есімде.Алып-ұштым... -Үндемейтінсің,-деді еркек.-Үндемей тұратынсың.Аналарыңның сол үнсіз тұрған қалпының өзі әдемі еді,үнсіз тұрған қалпының өзінде бір мағына бар еді.Адам мен адам сөйлеспей де түсінісуге болатынын,адам мен адамның ұғынысуы үшін,керек десең,сөздің де өзі артықтық ететінін сонда білдім.Аналарың арқылы ұққан едім. -Қойшы,несін айтайын,-деді әйел,-сол жылдың жазында-ақ осы кісінің босағасын аттап кеткенмін,-деді күйеуіне жымиып қарап.-Алматы жайына қалды.Ғалымдықтан да күшті ғашықтық дейтін дауасыз дерттің барын сонда ұқтым.Әкелерің арқылы ұққан едім. -Кейін әлгі ұстазым зейнет демалысына шыққан еді.Көшеде көріп қалған сайын: "Әй,Сүлейменова,Сүлейменова.Сен ғылымға керек қыз едің ғой"-деп басын шайқай беретін."Қайтейін апай,деймін төмен қарап тұрып.Мен мұнда да керек болып жатырмын ғой.Сүйікті күйеуіме,сүйкімді перзенттеріме,мейірбан енеме..." -Содан бері әкелеріңнің бетіне "шәй" деп сөйлеп көрген жан емеспін,-дегенінде,манадан бері тыңдап отырған балалар осы сөзден кейін бір-біріне қарап,жымиып күлді. -Неге күлесіңдер?!-деді әйел.-Не күлкі сендердікі?! Барыңдар жұмыстарыңа! Сендерге бір әңгіменің шетін шығарып берсе болды-ау тек...Ау,барыңдар жұмыстарыңа түге!..
-Құдай,жынды едің ғой сен,-деді әйел балалары шығып кеткеннен кейін күйеуіне қарап отырып.-Тек балалардың көзінше әкенің беделін сақтау үшін айта берем.Сенен бүкіл ауыл қорқушы еді ғой.Қайда жанжал...қайда шатақ...Сенен өзім де қорқатынмын.Сөйткен жігіт мені алып қашып кетеді деп кім ойлаған десейші.Көлікке салып ұрып: "Әйел болып жатқан жалғыз сен емес,Сүлейменова" деген сөзің есіңде ме? -Қой,ей,-деді еркек қызарақтап.-Сен де қосып жібересің-ау. -Ойбай,менің қосып нем бар,-деді әйел.-Әйел деп айтсаң да бірсәрі ғой.Төтесінен тарттың емес пе.Сонда біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болған.Ондай сөзді естіп көрмеген ғой Сүлейменова. -Содан рульде отырған Есенге жалынам."Есен,Есен,сен түсінші.Дос едік қой" деймін.Сонда әшейінде сәлемі түзу болып жүрген,бізден бір сынып жоғары оқыған Есен де міз бақпай қалды ғой.Бұрылып та қарамастан тарта берді."Есен,сөйткенің бе? Сөйттің ғой,Есен,иә!" деймін. -Содан "көнбеймші,көнбеймін" деп жатырмын."Мен Айдарды сүймеймін.Сүйген емеспін" деп қоям. Сол уақытта бір рубасыларың бар еді ғой.Генерал сияқты қаққан қазықтай болып тұрып,екі қолын артына ұстап тұрған күйі иек қақты: "арнайы взводты келтіріңдер". -Бөлмеге жаулығы ағараңдаған бір қора кемпір кіріп келгенде барып,арнайы взводтың мәнін сонда түсіндім.Таң атқанша кемпірлермен алысып шыққанымды айтсайшы.Ойпырм-ай,сенің әулетіңнің кемпірлері де мықты екен.Шетінен тісқаққан.Олар кезек-кезек шайларын ішіп келеді де,екі білегін түрініп алып,көздері шоқтай жайнап,бөлмеге екіленіп жетіп келеді: "қайда әлгі көнбеймін деп жатқан келін!" -Күш тең емес еді.Тәжірибелі жауынгерлер еді.Таң ата Сүлейменова сылқ ете түсті,сыр берді. -Содан жаман болдың ба?-деді еркек. -Неге жаман болдым деп айтайын,-деді әйел.-Құдайға шүкір,алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім.Кейде сол кемпірлерді де сағынам.Ауылға барған сайын есіме алып отырамын.Ол кісілер жоқ қой бұл күнде.Үй болып кетсе екен деп істеп жүрген аңғал тірліктері ғой. -Сөйтіп Алматы кетпегеніңе өкініп жүр екенсің ғой,-деді еркек. -Неге өкінейін,-деді әйел.-Бағым Алматы кеткенде ашыла ма,жоқ әлде Айдардың үйіне барғанда ашыла ма,оны бір тағдыр біледі.Алматы кетіп арманға ілігем бе,әлде "нағыз Төлеген деген осы шығар" деген арбауға ілігем бе,ол да бір тағдырдың еншісіндегі шаруа.Қайта сен,мінезің қанша тентек болса да,өтірік сөйлемейсің ғой.Қандай жағдай болса да,шындықты айтасың.Біреуге көмек керек болса,қайыры тиер іс болса,бұлтаққа салып тұрмайсың.Өз ісіңдей кірісесің.Майда әңгімеге жоқсың.Кейде сол мінездеріңді ұнатқан болуым керек.Бірақ әлгі ұстазымның айтатыны рас еді: "Әй,Сүлейменова,Сүлейменова".Сосын көзінен бір мейрім,шуақ төгіліп тұрып: "Өзің бірақ тәп-тәуір келін болып қалыпсың"-деп жымиятын. -Не десең де ақылың бар қызсың ғой,Сүлейменова,-деді еркек. -Е,сөйтіп бір мақтап қойсайшы,-деді әйел күліп. -Айдар да кімді алып қашу керек екенін біледі ғой,-деді еркек.-Болмаса сол уақытта Айдардың да алып қашуына зәру болып жүрген қыздар болған ауылда. Әйел сыңғырлай күлді: -Құдай біледі деп айтайын,Айдар.Сен жындысың,жындысың әлі.-Күйеуіне еркелей қарады.   Ғабиден ҚОЖАХМЕТ
Той-думан » Әзіл-қалжың »