Заман жақсы ғой,шырағым /әзіл/ Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Заман жақсы ғой,шырағым /әзіл/ Ғабиден Қожахмет

"Заман жақсы ғой,шырағым..."         (әзіл) -Кешіріңіз,бір-екі ауыз сұрағыма жауап беріп жібермес пе екенсіз?-деді журналист бір жас келіншекті өтіне тоқтатып. -Айтыңыз. -Осы қазіргі заман сізге не берді,несімен ерекшеленеді? Жауап берместен бұрын,келіншек "мм" деп астыңғы ернін тістелеген күйі жымиып,ойланып тұрды да: -Мен махаббатымды таптым,-деді. -Керемет!-деді журналист.-Дәл осы заманда тауып тұрсыз ғой? -Әрине,осы заманда таптым. -Тамаша! Ал қалай екен? -Не қалай екен? -Әлгі махаббатыңызды айтам? Жігіт пе өзі? Келіншек сыңғырлай күлді: -Қыз шығар деп ойлап қалдыңыз ба? Әрине,жігіт.Болады былай.Тұрмысқа шығып алдым ғой. -О,құтты болсын! Демек,соған тұрмысқа шығып алған екенсіз ғой? -Иә! Рахмет! Қазір бөпеміз де бар.Есімін заманға орайластырып,Азат деп қойдық. -Тамаша! Бауы берік болсын! -Рахмет! -Демек,өз заманыңызға ризасыз ғой? -Әрине.Махаббат берді,жігіт берді,тұрмысқа шықтым,бөпелі болдым.Осының бәрі аз ба?! Бұрынғы заманда өмір сүрсек,не боларын кім білсін?! -Дұрыс айтасыз.Ұзағынан болсын!
-Апай,тоқтай тұрасыз ба,бір-екі ауыз сұрағым бар еді? -Айта ғой,айналайын! -Осы қазіргі заман сізге несімен ерекше? -Қазіргі заман дейсің бе? Екі бірдей қызымды ұзатып отырмын. -О,барған жерлері баянды болсын! Демек,осы заманда ұзатып отырсыз ғой. -Иә,осы заманда ұзатып отырмын.Үлкені оқуын бітіргесін барып тұрмыс құрды.Қазір жиеніміз де бар.Кішісі оқып жүргенде,аяғы ауырлап қалып,тез-тез ұзатып жібердік. -Қуаныштарыңыздың бәрі баянды болсын! -Рахмет,қарағым! Одан соң іле-шала ұлды үйлендірдік.Келіннің аяғы ауырлап қалып... -О,тойларыңыз тойға ұласыпты ғой! Жақсы екен! Құтты болсын бәрі де! Апай,осы сіз бұрынғы заманның шет жағасын көрдіңіз ғой? Қалай еді өзі,осындай қуаныштар болушы ма еді? -Нені,қарағым-ау?! Ол заманда махаббаттың мәні болмады.Махаббаттың мәні болмағасын,бала қайдан болсын? Сұмдық болды ғой,шырағым.Көптеген кемпір-шалдар немере сүйе алмай кетті.Қазір ойлап отырсам,жүрегім ауырады. -Демек,заманға ризасыз ғой? -Әрине,қалқам.Шүкір,шүкір!
-Ақсақал,шамалы аялдай кетесіз бе? -Бірдеңе сұрайын деп пе едің,балам? -Ата,осы заман сізді несімен қуантты? -Сиырым туды ғой. -О,жақсы болған екен! Ата,сіз бұрынғы заманды көрдіңіз ғой,қандай еді? -Өй,бұрынғы заманның атасына нәлет.Большевиктер ақыретті көрсетті ғой әбден. -Ата,сіз большевиктерді көрдіңіз бе? Қандай болады екен өздері? -Өй,большевигіңнің атасының көрі.Қандай болатын еді,жынды,әпербақан ылғи.Едірең-едірең.Әкірең-әкірең.Белдерінде бір-бір тапанша.Елді үркітіп,аспанға тарс-тарс атады.Не сиыр тумайды,не қашар қашпайды.Балдар уызға жарымай өсті,аузына ақ тимейді.Оның орнына дүкен толы ақ арақ.Оны балаға бере алмайсың.Берсең,қырыла мас болады.Әшейінде де "қой" дегенді тыңдамайтын бала еліріп кетеді.Қораға барасың.Сиырың тұрады."Әукешім-ау,бірдеңе қылып тусаңшы,-дейсің,-туа ғой енді! Қане бір бұзауқанды туып жіберші!" Сиырыңның көзінде мөлт-мөлт еткен жас: "Қалай туам,қожайын-ау,заман болса мынау.Қай сәніммен тумақпын,неме жетісіп туам?" Сиырыңның жылағанын көріп,қораның бұрышына отырып алып,қосыла жылайсың.Бұқа тұрады шөбін күйсеп.Анадай жердегі қызыл қашарға көзін де салмайды. "Бұқашым-ау,-дейсің,-бас жібіңді үзсеңші бір.Үзіп жібере қойшы,қане,бас жібіңді! Зеңгі бабаңа сиын да,үз қане!" Бұқа басын шайқайды: "Болмайды,қожайын.Жігіттер келіп,дәріс оқып кеткен.Кеңестік бұқа моральдық тұрғыдан ұстамды болу керек.Капиталистердің бұқалары ойына не келсе,соны істейді екен.Зеңгі баба атынан садаға кеткірлер!" Сол жылы қызыл қашар тағы да қысыр қалады.Балдардың аузына ақ тамбайды.Заман өзгеріп,шырағым,бұқа біткен буырқанып бас жібін үзетін болды,қашар біткен қылмың-қылмың.Ал ту,ту да ту.Балдардың аузы аққа тиіп,уызға жарып өсіп,жақсы болып қалдық қой,шырағым,-деді шал. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы  
Той-думан » Әзіл-қалжың »