Еркектің хаты немесе "Құтты болсын" деген не? /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Еркектің хаты немесе "Құтты болсын" деген не? /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет

Еркектің хаты немесе "Құтты болсын" деген не?      (әзіл әңгіме) Бір еркек көршісінің мектеп қабырғасында оқып жүрген ұлына келіп,жуас үнмен былай деді: -Балам,маған көмектесіп жібере аласың ба? -Көмектесейін,-деді бала,-сізге қандай көмек керек? -Әлгі интернет деген болады деуші еді,соған хат жазып берші,-деді еркек. -Жазып беремін,-деді бала еркекке қарап.-Сонан-соң өзі хат жазуға дайындалып отырды да: -Айта беріңіз,көке,не деп жазуым керек?-деді. Еркек сәл-пәл ойланып алды да,хатын былай деп бастады: "Құрметті қайырымды да мейрімді адамдар! Жаны жайсаң жігіттер! Айбыны асқақ азаматшалар! Сіздерді менің хатыма назар аударады деген үміттемін.Себебі бұл хат әке мен бала тағдыры жайлы". Еркек осыдан кейін,тағы да аз-маз ойланып алып,хатын жалғастырды: "Құрметті адамдар,мен өзі негізінен сауаты кемдеу еркекпін.Дәл қазір хатты да көршімнің 6-сынып оқитын баласына жаздырып отырмын.Бірақ мәселе мұнда емес,мәселе бала тағдыры жайында еді. Менің әйелім бар,ол өзі-еркелеу.Бірақ бұл соншалық маңызды ма екен,мүмкін,ол әке-шешесінің ерке қызы болған шығар? Оның үстіне менің мінезім-көнтерлі,жуас мінез.Мен әйелімнің еркелігін көтере аламын,әйтсе де әңгіме сәби жайында болып тұр емес пе? Менің емшек жасындағы балам бар.Ол аяғын шолтаң-шолтаң еткізіп,анасының емшегін еміп жатқанда,мен диван үстінде көсіле түсiп,оны бақылап жатамын.Дәл осы сәтте,әйелімнің маған не дейтінін білесіздер ме? "Дүкенге барып келе қойшы"-дейді.Дәл солай айтады,мейрімді адамдар! "Дүкенге барып келе қойшы". Мен мұндайда жатқан орнымнан түрегелемін де,оған: -Қымбатты қатын-ау,мұның қалай? Заты жуас екен деп адамды осылай да басынуға болады ма? Қанша дегенмен еркек емеспін бе? Ал,еркек адамның қолына дорба ұстап алып,дүкен аралап жүргені қай бір әдемі сүгірет дейсің?-деймін.Осы сөздерді әйелімнің жүзіне тура қарап отырып айтамын. Бірақ менің бұл сөздерімнің оған титтей де әсер етпегенін,оның жымиып тыңдап отырған жүзінен аңғарамын.Ол солай жымиып отырады да,маған былай дейді: -Бар,тез барып кел,әйтпесе балаңды шымшып алам. Дәл осылай дейді,мейрімді адамдар-ау! "Балаңды шымшып аламын"-дейді.Ал баланы шымшып алғаннан кейін,не болатынын білесіздер ме? Әрине,ол шар ете қалады.Мен осы кезде,қолыма дорбаны ала салып,тапырақтаған күйі дүкенге жүгіремін.Менің асыққаным соншалық,дүкен ішіндегі жол ережесін сақтамастан,одан шығып келе жатырған адамдарды иығыммен қағып-қағып өтемін.Олардың қолындағы заттары жерге түсіп-түсіп кетіп,өздері бұрқ-сарқ етіп сөйлеп жатады.Мен ондайда былай деймін: "Адамдар-ау,мұншама бұрқылдағандарыңызға жол болсын? Зат бар болғаны еденге түсіп кетті емес пе? Ол,әйтеуір,көкке ұшып кетіп,соңынан қуалап жүрген жоқсыздар ғой.Ал еденге түсіп кеткен затты бір мәрте ғана еңкейіп,көтеріп алу да қиын шаруа болып па? Мұнда әке қиналып жүр емес пе?" Рас,мына бір әйелдің қолынан түсіп кеткен жұмыртқасы көтеріп алуға келе қоймас.Мен оған былай деймін: "Ханым-ау,осыншама неге бажылдайсыз? Ол түсіп кеткен бар болғаны жұмыртқа ғой.Ал жұмыртқаны тауық қанша күн бауырына салып,ас-су ішпей,көзі кіртиіп басып жатқанда,одан шығатыны балапан ғана емес пе? Ал,бала мен балапанды салыстыруға келе ме? Мұнда таразының бір басында бала тағдыры тұрғанын қалай ғана ұқпайсыз?" Мен адамдарды киіп-жарып,дүкеншіге ұмтыламын: "Қайырымды дүкеншім,мейрімді сатушым! Көмектесіп жібере қойыңыз! Мұнда әке мен бала тағдыры сынаққа түсуде!" Азық-түлік салған дорбамды бұлғаңдатқан күйі,адамдарды қаға-маға тапырақтай сыртқа ұмтыламын.Тек ентігімді пәтерімнің есігінің алдына келгенде бір-ақ басамын.Пәтер есігіне құлағымды тосып,тың-тыңдаймын.Мүмкін онда сәби шырылдап жатқан болар? Ондай жағдай бола қалса,айқай салмақпын: "Қайырымды адамдар! Қайырымды адамдар! Көмектесе көріңіздер! Мұнда сәби шырылдауда! Ал,оны шешесі шымшып алуы да мүмкін ғой!" Жоқ! Пәтер іші тым-тырыс.Мен есікті ақырын ашып,ішке кіремін.Тағы да тың-тыңдаймын.Тыныштық.Сонан-соң әйеліме келіп былай деймін: -Құрметті,әйел-ау! Мінеки,айтқан заттарыңның бәрін шып-шырғасын шығармай алып келдім.Олар-мына дорбаның ішінде,ал артық ақша-мынау.Рас,ол менде тұра берсе де болар еді.Жақсы,ана жерге салып қой десең,салып қояйын.Бірақ ол жерде тұрғанда да,менің қалтамда тұрғанда да айырмашылығы қайсы? Менің қалтамның жыртық емес екенін өзің де білесің ғой. Әйелім маған баланы ұстатады: "Балаңды ұсташы,тамақ істеп жіберейін". Мен сол кезде барып "ух" деймін.Баламды көтерген күйі,дереу босағаға жабыса қалып,бөлмеден шығып кетіп бара жатырған әйелімнің артынан бір көзіммен сығалап тұрып,ұзатып саламын.Әйелім ас бөлмеге сіңіп кетісімен,дереу түкпіргі бөлмеге ұмтыламын.Сәбидің көйлегін көтеріп қарай бастаймын.Мүмкін оның арқасында көгерген дақ бар шығар? Немесе сондай дақтар құйрығында,әйтпесе,аяқтарында болуы да мүмкін ғой? Жоқ екен. Міне,құрметті мейрімді адамдар,әке мен сәби тағдыры осылай сынаққа түсуде.Мүмкін болса,еркек пен бала құқығын қорғау ұйымына хабар берсеңіздер екен. Сәлеммен жасы кіші інілердің тілімен айтқанда-Ерекең". Еркек хатты жаздырып болып,иегін сипап,аз-кем ойланып отырды да,балаға былай деді: -Балам,бұл хатқа конверт керек пе? -Жоқ,көке,-деді бала,-қазір жібергелі жатырмын. Еркек "мм" деп ойланып отырып қалды.Сосын балаға тағы да былай деді: -Ұлым,әлгі интернет дегенді кең дүние деуші еді ғой.Мұны оның қай бұрышына жібергелі жатырсың? - "Құтты болсынға" жіберемін,көке. - "Құтты болсын" деген не,шырағым? Тойхананың аты ма? Қой,қарағым,онда жіберме! Ол жерде қуанышын атап өтіп,шарап ішкендер де болуы мүмкін ғой.Солардың бірі хатты аяқ асты етіп жүрер. -Жоқ,көке,ол сайт қой,-деді бала. Еркек "мм" деп ойланып отырып қалды.Сосын балаға қарап: -Ол жерге жақсы адамдар жиналады ма?-деп сұрады. -Әрине,-деді бала. Еркек сәлден соң: -Әлгі хат тасушың хатты жылдамырақ апарып берсе,дұрыс болар еді-ау,-деді уайымдаған үнмен. -Көке,қазір хатыңыз Жанар апайдың пошта жәшігіне түсіп жатыр,-деді бала. -Жанар апайың кім? Әлгі тойхананың бастығы ма?-деді еркек. -Туу,көке,қайдағы тойхананы айтып отырсыз,сайт десем! Еркек "мм" деп ойланып отырды да: -Ол өзі былай мейрімді,жақсы адам ба?-деп сұрады. -Кімді айтасыз?-деді бала. -Әлгі Жанар апайыңды айтамын,былай мейрімді,жақсы адам ба? -Иә!-деді бала даусын соза түсіп,өткенде Айнұрға арнап шығарған өлеңімді сайтына салып қойған.-Бала осыны айтты да,қызарып кетті. -Айнұрға хат жазып жүрсің бе?-деді еркек. -Туу,көке,оның сізге не керегі бар? Бекер-ақ айтқан екенмін.-деді бала.Сонан-соң: -Басқа өтінішіңіз бар ма?-деп сұрады. -Жоқ,болды,болды,қарағым!-деді еркек қалбалақтап.-Мен кетейін,осында отырғанда да,дегбірім кетіп,әрең отырмын.Көсеген көгерсін,шырағым! Сөйтті де еркек аяғының ұшынан басып,шыға жөнелді. Пәтерінің есігінің алдына келіп,тағы да тың-тыңдады: "мүмкін сәби шырылдап жатқан болар?" Шырылдап жатыр! Еркектің түсі бұзылып кетті.Жоқ, "Қорыққанға қос көрінеді" деген,ауладағы дауыс екен.Еркек пәтер есігін ақырын ашып,ішке сүңгіп кетті. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы  
Той-думан » Әзіл-қалжың »