Әйел, күйеу және ене /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Әйел, күйеу және ене /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет

Әйел,күйеу және ене        (әзіл әңгіме) -Ойымда ештеңе жоқ,қолыма кесе-шәйнегімді ұстап,"Дедімай-ау" әнін айтып,бөлмеге қаннен-қаперсіз кіріп келе жатқанмын ғой,-деп бастады Сәбира әңгімесін,-құлақ-шекеден тиген соққыдан шыр айналып кеттім. -Кім ұрды,кім ұрды? -Кім ұратын еді,күйеуім ұрады да.Басқа адамның "Дедімай-ауды" айтып келе жатқан адамда несі бар? -Күйеуің немене "Дедімай-ауды" айтқан адамды ұра бере ме,жынды ма өзі? -Жынды болғаны сол,-деді Сәбира,-жынды болмаған несі қалды? Болмаса сол "Дедімай-аудың" сөзін де білмеймін,әшейін ыңылдап келе жатқанмын.Шыр айналып кеттім. -Шыр айналып кетпей қайтесің енді,еркек адамның жұдырығы тиіп жатқасын. -Ойбой,сендер менің күйеуімнің жұдырығын көрсеңдер ғой,қайта мен шыр айналып кеткенмен,әлі құлаған жоқпын ғой,болмаса ол жұдырық тисе,анау-мынау еркегіңнің өзі қалпақтай ұшар еді. -Сен мықты екенсің қайта? -Әйелдің жаны-сірі ғой,сірі.Шыр айналып бара жатырып,енеме көзім түсті."Өзіңе де сол керек" дегендей,күлімдеп,мысқылдап,құдайы беріп қарап отыр екен. -Ойбай,енең қандай адам,жаны ашымай ма немене сонда? -Жаны ашымағаны сол,жаны ашыса сөйте ме? -Шыр айналып барып,ұшып түскен шығарсың өзің де? -Жоқ,бірден ұшып түскен жоқпын.Шыр айнала бере,есікке көзім түсті: "біздің үйдің есігі ақ сырмен боялған екен-ау" деп ойлаппын. -Сен мықты екенсің қайта,соның арасында енеңді,есікті түгелдеп үлгеріп жатқан? -Енді қас-қағымда болған нәрселер ғой. -Содан кейін-ақ жерге гүрс етіп құлаған шығарсың? -Немене,мені құлата алмай отырсыңдар ма,енді жерге құламай,көкке қарай ұшпайтын шығармын,жердің тартылыс заңынан асып қайда бармақпын,құлап келе жатқанымда,басыма аяқ тиді. -Ойбай! Тепті ме,кім тепті? -Күйеуім тебеді де,кім тебетін еді басқа? Ұшып тұрып енем тебеді дейсіңдер ме? -Содан кейін-ақ есіңнен танған шығарсың өзің? -Танбай неғыласың,анадай аяқ басыңа тиіп жатса.Күйеуімнің аяғын көрсеңдер сендер,қырық бесінші размерлі бәтеңке киетін аяқ ол,егер ол аяқ анау-мынау еркектің басына тисе,есінен танбақ түгілі өліп кетер еді,қайта мен бірден есімнен тана қойған жоқпын,есімнен танып бара жатқанда,құлағыма енемнің даусы келді: "Сорлы-ау,тепкесін неге дұрыстап теппейсің,сөйтіп те тебе ме екен? Әкесіне тартпаған ынжық неме,әкең баяғыда құлап түсем дегенше,екі рет теуіп үлгеретін еді" дегені.Содан кейін-ақ есімнен танып кетіппін. -Ойбай,енең сұмдық қой,қандай адам өзі? -Бір уақытта есімді жинап,қашуды ойладым. -Қашпай неғыласың енді,жата берсең тағы теуіп жүрер. -Өзім де соны ойладым да,атып тұрып қаша жөнелдім.Жолда екі қошақаным тұр екен,әлгі бір жігіттердің атпен шауып келе жатып,ат үстінен теңге ме,бірдеңені іліп алып жататыны бар ғой,дәл сол сияқты екпінімді бәсеңдетпестен,екі қошақанымды қолтығыма ілдім де кеттім. -Балдарың ба? -Иә,балдарым ғой.Іштен шыққан балдарым ғой енді,қалай тастаймын. -Күйеуің қайда? -Қуып келе жатыр. -Қашсайшы енді! -Қашып келе жатырмын ғой.Сол бойда аулаға атып шықтым.Біздің ауланың өзі де атшаптырым үлкен ғой.Дуалдың биіктігінен аттылы кісі көрінбейді.Сол ауланың ішін шеңбер жасап қашып жүрмін. -Күйеуің-ізіңде? -Күйеуім-ізімде.Ырс-гүрс етіп қуып келе жатыр."Тоқта қатын! Өлтірем!"-дейді."Тоқта қатын!" деген сөзді айтқан кезде,кәдімгі еркекке мойынсұнып қалған әдет бойынша баяулап қалам,"өлтіремді" естігенде,аңшыдан қашқан қарақұйрықтай ытқып кетем. -Жылдамдығыңды арттыр енді. -Арттырып-ақ келе жатырмын.Бірнеше шеңбер жасап тастадық.Сөйтіп келе жатырып: "біздің аула да көкпар шабуға болатындай-ақ үлкен екен-ау өзі" деп қоям. -Сол көкпаршы жігіттер де келе қалмайды осындайда,бірдеңе қылып арашалап алар ма еді? -Несін келсін олар? Аулада "Қыз қуу" өтіп жатқан жоқ па? Бір кезде үйге көзім түсті."Ойпырм-ай,біздің үй де тым биік салынған екен ғой" деп ойладым.Осы үйді қайынатам салды деп отыратын. -Үйге де көзің түсіп үлгеріп жатыр ма? -Енді жүгіріп келе жатқанда,болып жатқан жағдай ғой.Сол үйге сүйеулі тұрған жіңішке,ұзын,солқылдақ саты болатын,жандәрмен соған қарай ұмтылдым. -Байқашы! Құлап қалмашы! -Құлағаның не,әшейінде жайшылықта сол сатыға шық десе,қалтырап-дірілдеп шыға алмас едім.Осы жолы екі баламды қолтығыма қысқан күйі,ештеңеден ұстамастан,қалай ытқып шыққанымды білмей қалдым ғой. -Шықтың ба? -Я,шатырда отырмын осы тұрғанда. -Күйеуің де өрмелеп келе жатыр-ау енді? -Ол шыға алмайды.Биіктен қорқады.Жайшылықта да биікке шығу керек болса,інілерін шығарушы еді.Соны білгесін,шатырға жайғасып отырып алдым. -Әрірек отыр енді,ернеуіне тақала бермей.Екі балаңмен қосылып етпеттей құлап жүрерсің. -Өзім де әрірек отырып алғанмын ғой. -Қайта балдарың жақсы екен сенің жыламайтын? -Үйренген ғой.Құрсақта жатқанда үйренген.Бұлар жарық дүниені осындай болатын шығар деп қабылдап кеткен ғой,еті өліп кеткен әбден. -Күйеуің не істеп жатыр? -Күйеуім жерде теңселіп жүр.Боқтап-бұралап,аузына келгенін айтып жатыр."Түс!"-дейді маған. -Түспе,ойбай! -Неге түседі екенмін,өзім жанымнан безіп,әрең шығып отырсам.Бір кезде сөйтіп жүріп үйге кіріп кетті. -Ойбай! Мылтық алып шықпаса болар еді?! -Неменеге мылтық алып шығады екен? Мен оған кептер ме екенмін,атып түсіретін? Оның үстіне үйде мылтық та жоқ,ал мылтық болған жағдайдың өзінде де,күйеуім мылтықтан қорқады.Арақ алып шықты. -Арақ? Оны қайтпек? -Қайтетін еді,ішеді де.Обалына не керек,жолдасымның былайғы уақытта ішімдікке онша әуестігі жоқ еді,енді қазір маған қыз кезінде оп-оңай қолын жеткіздіртіп,екі бала тапқан әйел кезінде аспандатып қойып отырған тағдырға күйіктен ішкелі отыр ғой.Көз қиығыммен стақанды санап отырмын. -Стақанға да көзің түсіп жатыр ма? -Я,күйеуімнің шамасын білемін ғой,сол стақаннан кейін сыр беруші еді өзі.Ойлағанымдай болмады,әлгі стақанды ішті де,сатыны құшақтай құлады. -Түссейші енді. -Түссейші дейсің-ау,айтуға ғана оңай,көйлегімнің етегі сатының шегесіне ілініп,түсе алсамшы.Түсуім бағанағы мінуімдегідей тез болған жоқ. -Бағана күйеуіңнің көмегімен шығып кетіп едің ғой. -Я,енді тез түсуім үшін,күйеуім шатыр жақтан қуу керек болып тұр ғой.Оған күйеуім қазір сатыны құшақтаған күйі құлап жатыр.Әупірімдеп түстім-ау,әйтеуір.Күйеуімнің үстінен лақша ырғып өттім де,екі баламды қолтығыма қысып алып,бездім келіп. -Қайда бездің? -Қайда безуші едім,әке-шешемнің үйіне барам да,басқа қайда барам енді.Барсам,шешем бажылдайды: "Кезінде соны сүйем,күйем деп,сол болмаса өлем деп,үйдегі жіп біткеннің бәрін мойныңа галстук қылып тағып,зәремізді ұшырып болып едің..." деп."Онда мені көшеге лақтырып тастаңдар" дедім.Қойшы,несін айтасың,содан бері екі баламмен үйде жүрмін ғой,-деп Сәбира әңгімесін аяқтады.
-Сәбира,қайда шықтың әдемі киініп алып? -Енемнің үй жағына барып қайтайын деп едім. -Енемнің үй жағына?! -Я,немерелерін апарып бетінен сүйгізіп қайтпаймын ба енді. -Кеше енең туралы онша жақсы айтып жатпаған сияқты едің...? -Енді балдарымның туған әжесі емес пе,қошақандарымды апарып бетінен сүйгізіп,маңдайынан иіскетіп қайтпаймын ба,өздерінің ұрпақтары ғой. -А,дұрыс,дұрыс! Бар,бар!
-Сәбира,қайдан келесің? -Енемнің үй жағынан келе жатырмын. -Не қылдың,қошақандарынды апарып бетінен сүйгізіп,маңдайынан иіскеттің бе? -Өй,құрып кетсін! Барсам,енем: "Шашы жалбырап мына қатын неге келді?" дейді. -Соны білгесін несіне бардың енді? -Құлыншақтарын апарып бетінен сүйгізіп,маңдайынан иіскетуім керек емес пе? Өздерінің қаны ғой. -Иіскеді ме енді маңдайынан? -Өй,жоқ! "Мен саған балдарды алып кел деп пе едім?" дейді.Содан балдарды "Әжеңе бар,әжеңе бар!" деп арқасынан мен итерем,"Алып кет,алып кет!" деп кеудесінен енем итереді."Әжеңе бар,әжеңе бар!","Алып кет,алып кет!","Әжеңе бар,әжеңе бар!","Алып кет,алып кет!" Аяғында екі ортада балдар жылады,содан қайтып келе жатқанымыз ғой. -Соны білгесін бекер барғансың ғой,Сәбира-ау? -Енді құлыншақтарын апарып бетінен сүйгізіп,маңдайларынан иіскетуім керек қой,өздерінің тұқымдары ғой.
-Сәбира,сәнді киініп алып қайда шықтың? -Енемнің үй жағына барып қайтайын деп едім. -Енемнің үй жағына?! -Я,қайынсіңілім келген екен,соған бөпелерін апарып,амандастырып қайтайын деп... -Қайынсіңілің тұрмыста ма еді? -Тұрмыстағы қыз ғой,төркіндеп келіп жатқан. -Кезінде қайынсіңіліңмен жақсы тұрғансың ғой,шамасы? -Қайдағы? Ит пен мысықтай едік қой.Қысқа күнде қырық ұрысатынбыз. -Енді неге бара жатырсың? -Ау,бөпелерін апарып амандастырып қайтпаймын ба? Өзінің туған бауырлары ғой. -А,дұрыс,дұрыс! Бар,бар!
-Сәбира,не қылдың бөпелерін апарып амандастырып қайттың ба? -Өй,құрып кетсін! Барсам,көзі баждиып енем отыр."Ойбай,мына қатын тағы келді ме?! Сана жоқ екен өзінде! Есікті ашсақ,шашы жалбырап тұрған осының суретін көріп,жүрегіміз шәукілдеп өлетін шығармыз?"-дейді. -Солай дейтінін біліп отырып,барып отырсың ғой сен де. -Енді бауырларын тәтелеріне апарып амандастырып қайтуым керек қой? Қыз деген күнде төркіндеп келе берер дейсің бе? -Амандасты ма енді? -Қайдағы? Қайынсіңілім әуелі өзіме амандасуға да жараған жоқ.Екі балаға "Тәтелеріңе бар,тәтелеріңе барып амандасыңдар!" деймін,аржағынан біреу "кел" деп жылышырай танытып жатпағасын,бұлар да екі ортада состиып-состиып тұрып,содан қайтып келе жатырмыз. -Бекер барғансың,Сәбира. -Ау,өздерінің ұрпақтары емес пе енді,туған тәтелері ғой.Солардың қаны,тұқымы ғой.
-Сәбира,түн жамылып қайдан келесің? -Ойбай! Сендер не істеп отырсыңдар бәрің жиналып? -Жай,үй ыстық болғасын,салқындап,таза ауа жұтып отырғанымыз ғой.Қайдан келе жатсың өзің? -Күйеуіммен кездесіп келе жатырмын. -Күйеуіммен?! Не,күйеуіңе қосыласың ба қайтадан? -Өй,жоқ! -Енді неге кездесіп жүрсің? -Балдарымның әкесі емес пе енді? Туған әкесі ғой балдарымның.Екі баланы содан тауып отырған жоқпын ба? Қаны,тұқымы ғой. -Сұрап жатыр ма енді балдарын? -Өй,қайдағы! "Балдардың әкешін..."-дейді."Не,мен сенен бала сұрадым ба,жоқ сенен басқа қатынға бала таптыра алмайтын болып қалды деп естіп пе едің?"-дейді. -Соны біліп отырсаң,несіне кездесіп жүрсің? -Ау,балдарымның туған әкесі деймін.Туған әкесі ғой балдарымның.Солардың қаны,ұрпағы емес пе!-дедi де,Сәбира жылдамдай басып,үйіне кіріп кетті. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы  
Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »