Жауын астындағы махаббат/әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Жауын астындағы махаббат/әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет

Жауын астындағы махаббат       (әзіл әңгіме) -Менімен бірге жауынды күндері бір қолшатырдың астында тұрғың келе ме?-деп сұрады қыз жігіттен. -Иә,тұрғым келеді,-деп жауап берді жігіт. Екеуі күздің бір жауынды күні қолшатыр астында бірге тұрды. -Ал,қалай?-деді қыз.-Керемет емес пе?! -Керемет!-деді жігіт. -Осындай сәтті аңсағанмын,-деді қыз,-бір қолшатыр астында бір денеге айналып... -Мен де,-деді жігіт қызға қарап. -Армандар жүзеге асады,-деді ару. -Әрине,-деді жігіт оны қоштай сөйлеп. -Жауын астындағы аппақ сезім!-деп күбірледі бойжеткен. Күздің ақ жауыны сібірлеп жауып тұрды.Тыйылар емес. Біраздан соң жігіт жаурай бастады. -Үйге қайтқым келеді,-деді жігіт,-жаурап кеттім,оның үстіне қарным да аша бастады. Қыз қабағын шытынды: -Жігіттер-ай,махаббатта неге осы шыдамсызсыңдар?Жауын басылғанша тұрамыз дегеніміз қайда? Жігіт үндеген жоқ.Ал өзі іштей "мына жауын биыл басылмайтын шығар,сірә" деп ойлады. -Махаббат адамға ұлы күш береді,-деді қыз,-оның тылсым сыры табиғат әлеммен ұштасып жатқан секілді.Қарашы жауын тамшыларына,олардың тырсылынан әлдебір сезім әуендері естілгендей емес пе? Бұл саған ұнайды ма,ұнайды ма деймін саған? -Ұнайды,-деді жігіт. Ал өзі іштей "бұдан да жылы бөлмеде отырғанға не жетсін?" деп ойлады. Кенет қыз: -Қолшатырды жинап тастайын ба?-деді жігітке қарап. Жігіт шошып кетті: -Сонан соң екеуміз бірдей су боламыз ғой?-деді. -Несі бар,-деді қыз ойнақыланып,-керемет емес пе?! Жауын астында,тұп-тура жауын астында бір дене болып... Қыз қолшатырды жинап,сөмкесіне салды. "Ауырып қалмасам жарар еді,-деп ойлады жігіт,-махаббат құрбандықты талап етеді деуші еді,рас екен,махаббат құрбандықты талап етеді екен,тіпті онда денсаулығыңды да құрбан етуге тура келеді".Ал өзі тісі-тісіне тимей сақылдап тұрды. -Неге дірілдейсің?-деді қыз жігітке таңдана қарап. -Толқыныстан,-деді жігіт. -Ал не үшін толқып тұрсың? -Махаббат адамды толқынысқа түсіреді. -Мен де,-деді қыз,-жүрегім кеудеме сыймай бұлқынады,бір кезде осындай сәтті аңсадым ғой.Дәл қазір жігіттер жайлы ұшқары ойлағаныма ұялып тұрмын,мен оларды бұрын махаббат сезімін қадірлей білмейді деп ойлаушы едім,ал сен тіпті қатты толқып тұрсың. Екеуі біраз уақыт үнсіз тұрды.Күздің ақ жауыны майдалап жауып басылар емес. -Менің шашымды қуалай аққан жауын тамшылары ұнайды ма,ұнайды ма деймін жауын тамшылары?-деді кенет қыз жігітке ойнақылана,еркелей қарап. -Ұнайды,-деді жігіт. -Ал кірпігіме қонған тамшылар ше,қарасаңшы,кірпігіме қонған тамшылар ұнайды ма деймін? -Әрине, ұнайды,-деді жігіт. -Сен ол жайлы өлең жазғың келе ме?-деді қыз. -Жазғым келеді,-деді жігіт басын изеп. -Бұл сенің алғашқы өлеңің болар еді.-деді қыз.-Ал сен оның ұйқасына мән бермей-ақ қой,ең бастысы жүрегіңдегі сөзді жаз,жарай ма? -Жарайды. Ал өзі ішінен "алғашқы өлеңімді жазатын сәт те келген екен-ау" деп ойлап тұрды. -Айдын,Айдын,тамағыңды іш! -Апам шақырып жатыр,-деді жігіт.Сөйтті де өзі бұрылып кетті. -Ей,ақымақ,мені итеріп жібергенің не? Жігіт бұрылып қарағанда,қыздың киіміне балшық жұққанын көрді.Ол үн-түнсіз қыздың үстін қаға бастады. -Қолыңды батпақтап алдың деймін,менің киімімдегі батпақтың бәрін қолыңа жабыстырып алдың,-деп қыз сықылықтап күлді. "Махаббаттың азабы болады деуші еді,рас екен ғой,махабаттың азабы да болады екен-жаурайсың,қарның ашады,оның үстіне қолыңды да батпақтауға тура келеді"-деп ойлады жігіт қалтасындағы орамалын алып қолын сүртіп жатып.Ол абайсызда бетін сүртті. -Түріңді қара деймін,бетіңді батпақтап алдың,түріңе қарашы,-деп сықылықтай күлді қыз. "Махаббаттың мазағы болады деуші еді,рас екен деп ойлады жігіт,-махаббаттың мазағы да аз болмайды екен". Қыз өзінің орамалымен жігіттің бетін сүртті. -Қалай,ертең тағы да кездесеміз бе?-деді сосын жігітке. -Әрине,-деді жігіт. -Ал енді үйіңе қайт,-деді қыз,-әйтпесе,анаң іздеп қалар,әлдебір сайтан қыз ұлымды алып кетті деп жүрер. -Қоңырау шалуды ұмытпа,-деп айқайлады қыз,-міндетті түрде смс жаз. Жігіт үйіне кіріп бара жатып,"ертең жаңбыр жаумай-ақ қойса екен" деп тіледі. Сәлден кейін үстел басында отырған жігіттің телефонына сыңғыр етіп хат түсті: "Сені сүйемін!" "Мен де"-деп жауап берді жігіт,кесе ұсынып жатқан анасына көз тастап қойып. -Телефоныңды қоя тұрып,тамақтанып алсаңшы,ұлым,-деді анасы оған қамқор үнмен. "Несі бар,-деп ойлады жігіт телефонды былай қойып жатып,-жаурамасаң,қарның ашпаса,махаббат та жаман емес". "Ғажап,-деп ойлады сосын,-әлгінде ғана қоштасқан қызды қайта көргім келгені несі,махаббаттың ғажабы болады деуші еді,рас екен ғой,махаббаттың ғажабы да болады екен". Сәлден кейін жігіт сүйіктісіне қоңырау шалмақ болып,өз бөлмесіне қарай асығып бара жатты. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы  
Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »