Кемел Кеніш Үйлену тойына тілектер - құттықтау

Кемел Кеніш Үйлену тойына тілектер

Жақсы сөз айт, жақсыға ойың бұрылсын,
Жүрегіңнен көп ізгілік тірілсін.
Жақсы жерге жатқан жақсы түс көрер,
Жақсылардан жеткен сен де жұрынсың.
Жақсы сөз айт, жақсы тілек тілегін,
Жақсы сөз де – жарым ырыс, тірегің.
Жас – отауың – бас – отауға айналсын,
Өркен жайған жапырағым, жүрегім!
-        деп, айналайын, жақсылардың жалғас жұрыны қос балапаным, бүгінгі шаңырақ көтерген тойларың құтты болсын!
   Бір ұлы дана «Біз өмірге шыр етіп келгенде емес, жүрегіміздегі махаббат сезімі оянған сәтте ғана өмірге келеді екенбіз. Өйткені махаббат адамға ұшатын қанат береді және де оны мейірімді етеді, сонымен қатар ол бүкіл әлемді өзінің жылуымен құшағына ала алады» деген екен.
   Қымбатты жас отаудың иелері, міне, бүгін екеуіңнің шаңырақ көтергендеріңнің куәсі болып отырмыз. Сендерге тілеріміз: махаббаттарың Қозы мен Баянның, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббатынан кем болмасын! Бір-біріңе деген ыстық сезімдерің суымасын, жұптарың жазылмасын! Бастарыңа бақ құсы қонсын!


      Замандарыңыз тыныш, бейбіт болсын! Өсіп - өніп, біріңіз асқар тау әке, екіншіңіз аяулы ана болыңыздар! Тамырларыңыз тереңдеп, бұтақтарыңыз жайылсын, жемістеріңіз көбейсін! Әумин


   Бір философ; «Үйлену дегеніміз – екі адамның бір-біріне қарап отыруы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» депті. Демек, бұл – екі адамның мақсат- мүддесі мен өмірлік ұстанымдарының, көзқарастарының бірігуі десек жаңылыспайтын шығармыз. Болашаққа бірге қанат қағып, бақытқа жету жолында бір-бірін қолдауды мақсат тұтып, бас қосқан бүгінгі жас жұбайлардың бір-біріне деген сенімі мықты болсын!



Дәстүрлі тойларға » Үйлену тойы »