Мектеп бітірушілерге арналған тілектер топтамасы - құттықтау

Мектеп бітірушілерге арналған тілектер топтамасы

Мектепті, балам, бітірдің,
Самғатты қиял ғарышқа.
Қанаты арман құсының
Апарсын сені алысқа.
 
Кешегі шәкірт бала едің,
Қарайсың бүгін жігіт боп.
Шарлаған арман әлемін,
Шыңдарға шыңнан биіктеп.
 
Отаның сипап маңдайдан,
Аямас сенен жақсысын.
Ізде, тап, қиыр-шалғайдан
Еліңе қажет бақ құсын.
 
Асқарға қолың соз балам,
Бәйгеге түс те, бақ сына.
Намысқа тиер озбаған,
Қол соғар жұртың жақсыға.
Ғылым қу, елге ет еңбек,
Маман бол қажет білікті
Өресі биік екен деп,
Мақтайды жампоз жігітті.
 
Білімді басқа жастадың,
Ғылымды іздеп үңіліп.
Өмірге сапар бастадың,
Алдыңда күліп тұр үміт.
 
Өмірден енді дәріс ал,
Білім мен ойды қоса ұштап,
Самғауға, балам, барын сал,
Қанатың болсын аттестат.
 
Түсініп жөн мен жобаны,
Ер жеткен жансың жетелі.
Шыңдарда ғана болады,
Қыранның салған мекені.
 
Ат жалын тартып мін, інім,
Білімнің ұстап құрығын.
Жарқырай түсер ұлы күн,
Сыйласаң жүрек жылуын.
 
«Он үште отау иесі»,
жиырма бес десе жөн бөлек.
Үлесіңді қос тиесі,
Ерінбе, ізден, еңбек ет.
 
Компьютер сенің ғасырың,
Ғылымның жеткін шегіне.
Ақтарғын ойдың асылын,
Ұмтылып ғарыш көгіне.
 
Намысын кекке қайраған,
Найзағай сынды бол батыр.
Көз тіккен саған айналаң,
Алдында асу жол жатыр.
 
Қанатын қағар жыл жылдам,
Келеді ертең жаңа ұрпақ.
Аумай бір тұрсаң жұлдыздан,
Қарайды жұртың таңырқап.
 
Біз жүрейік сендермен бақытты боп
Он бір жыл оқып, міне, аяқтадың.
Кетесің қанат қағып, тарап бәрің,
Тек әйтеуір жолдарың ашық болсын,
Келмейді бұл өмірден қарап қалғың.
 
Біреуі журналист болам дейді,
Біреуі әртіс боп ән салам дейді.
Біреуі – ақын, біреуі – дәрігер болып,
Аурудың не түрін жазам дейді.
 
Полицей боп, қатерге барам дейді.
Ұстаз болып, мектепке қалам дейді,
Біреулері қақа жарып қара қылды.
Біреуі сот – судья болам дейді.
 
Спортшы болуды керемет деп,
Кейбірі ғарышкерді өнеге етпек,
Сәулетші болып біреуі құрылыста,
Енді бірі елші болып шетел кетпек.
 
Бәрің де арманменен қанаттандың,
Үлкен өмір жолына ал аттағын.
Біз жүрейік сендермен бақытты боп,
Көзбен көріп, бәйшешек гүл атқанын.
 

Түрлі тойларға » Оқуға байланысты »