Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты Елбасы атына жолданған құттықтаулар - құттықтау

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты Елбасы атына жолданған құттықтаулар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев құттықтады.
- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қа­зақстан Республикасының ұлттық ме­­рекесі - Тәуелсіздік күнінің 20 жыл­дығына бай­ланысты шынайы құттық­тауымды қабыл алыңыз. Өткен жылдар ішінде Қазақстан экономикалық дамуда, халық­тың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Тұрақтылық және қоғамдағы өзара түсіністік, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылған сыртқы саясаттағы бағыт республиканың халықаралық беделінің өсуі үшін сенімді негіз болды. Қазақстандағы жүйелі жүргізілген қайта құрулар және біздің мемлекеттеріміздің халықтарының достық пен тату көршілікке негізделген дәстүрі Ресей-Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптес­тік­тің жоғары қарқынмен дамуына оң әсерін тигізуде. Экономиканың ше­шуші салаларындағы кооперациядан кең көлемдегі мәдени-гу­ма­нитарлық байланысқа дейінгі әртүрлі салалардағы бірлескен ауқымды жобалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Келісім-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыстар елеулі игі жемісін беруде. Ғылыми-тех­никалық байланыс және инновация салаларында, атом энергетикасы және басқа да көптеген бағыттарда ірі мүмкіндіктер ашылуда. Қолдағы мүмкіндіктерді барынша іс жүзіне асыру мақсатындағы қуатты қарқын ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ - аймақтық бірлестіктерінің шеңберінде ынтымақтастықты тұрақты тереңдетуге игі ықпалын тигізуде. Қазақстанның интеграциялық үдерістерді дамытудағы белсенді рөлін айрықша атап өткім келеді. Тиімді жұмыс істеп жатқан Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік құру және Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі нақты тәжірибелік қадамдар өзара тиімді әріптестікті дамытуға жан-жақты қолайлы жағдай жасайды. Біз алда тұрған жоспарларды іс жүзіне асыру мақсатында алдағы уақытта да өзара ең терең ынтымақтастық пен байланысқа дайынбыз. 
Қазақстан-Ресей арасындағы одақтастық жөніндегі салмақты әлеуетті пайдалану алдағы уақытта да біздің халықтарымыздың өмір сапасын арттыруға жағдай жасайтындығына, бүкіл еуроазиялық аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту міндеттеріне қызмет ететіндігіне сенімдімін, - делінген құттықтауда.
Өз құттықтауын Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао жолдаған.
- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қытай Үкіметі мен халқының атынан, сондай-ақ жеке өз атымнан Сізді және Сіз арқылы достас Қазақстан Үкіметі мен халқына шынайы құттықтауым мен игі тілегімді жолдаймын. Қытай мен Қазақстан - тату көрші және жан-жақты стратегиялық серіктес. Қытай тарабы Қазақстанмен қарым-қатынасқа үлкен мән береді және оны сыртқы саясатының басымдығының бірі ретінде қарастырады. Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанының 20 жылдығын мерeкелеу аясында, Қытай тарабы қазақстандық тараппен біге барлық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете жалғастыруға дайын. Достас Қазақстанға өсу, қуат және гүлдену тілеймін, - делінген құттықтауда.    
АҚШ Президенті Барак Обамадан құттықтау келіп түсті.
- Қазақстанның Тәуелсіздіктің және ұлт егемендігінің 20 жыл­ды­ғын тойлауына орай Америка Құрама Штаттары халқы атынан ең жылы құттықтауымды жеткіземін. Бүгін­де Қазақстан біздің елдеріміздің өңірлік тұрақтылықты алға бастыру, өркендеу мен энергетикалық әріптестігі жолында бірлесе жұмыс істеуді жалғастырып келеді. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанда барлық ядролық қа­рудан бас тартып, бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін үлгі көрсете отырып, Сіз тарихи және көреген шешім қабыл­да­ды­ңыз. Бұл бағыттың өңірді және бүкіл әлемді неғұрлым қауіп­сіз орынға айналдыруда көрсеткен ық­палын бағаламау мүм­кін емес. Таратпау саласындағы біз­дің кең көлемді қызмет­тестігіміз әлі күнге дейін жалғасу­да, әсіресе, біздің ядролық қауіпсіздік саласындағы ын­ты­мақтастығымыз өте тамаша болды. Мен Сіздің осы мәсе­лелердегі ұзақ жылғы тәжірибеңізді жоғары бағалаймын және наурыз айында Сеулде Сізбен кездескен кезде ядролық қауіпсіздік жөніндегі біздің мақсаттарымызды қамтамасыз етуді қалай жалғастыру керектігі жөнінде Сіздің ойларыңызды естимін деп үміттенемін. Сіздер Қазақстан тарихының тағдыршешті сәтін мерекелеудесіздер, соған орай Сізге және Қазақстан халқына деген менің ең ізгі тілектерімді қабыл алыңыздар. 
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Муннен құттықау келді. 
- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан халқы мен Үкіметін Сіздер­дің елдеріңіздің Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына байланысты құттықтауға қуаныштымын. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстан халқы Қазақстанды аймақтық  сахнаның барлық салаларында шешуші ойыншыға айналдыру үшін үлкен белсенділік таныта білді. Ядролық қарусыздану мәселесін дамыту жөнінде көп мемлекет Қазақстан сияқты табандылық таныта алмады. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі жасалған Келісім бүкіл дүние жүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосылған маңызды үлес болып саналады. Сонымен бірге Қазақстан 29 тамызды - Ядролық сынаққа қарсы іс-шаралардың халықаралық күні ретінде атап өту жөнінде бастама көтерді. Бұл бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекітті. Мен Қазақстанға ядролық қарудан азат бейбітшілік сүйгіш әлем құру жолындағы бастамасы үшін ризамын. Бұған қосымша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сияқты аймақтық және халықаралық ұйымдарға ойдағыдай төрағалық ете отырып, Қазақстан бүгінгі заманның этносаралық үйлестік және дінаралық диалог сияқты өте маңызды мәселелермен белсенді айналысып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері - Қазақстанның бүгінгі заман үшін өте қажетті бастамасы. Бұл бастама толеранттылықты дамытуға, мәдениеттер, дәстүрлер және діни наным-сенімдер арасындағы өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастырады. Мен Қазақстанды осы саладағы күш-жігерді одан әрі дамытуға шақырамын, өз кезегінде БҰҰ ұлтына, этносына, мәдениетіне, дініне немесе діни сеніміне қарамастан, барлық халықтардың қауіпсіздігін, құндылықтарын және болашаққа деген сенімін қамтамасыз ету үшін қызметін жалғастыра беретініне сенім білдіремін. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мыңжыл­дық­ты дамыту мақсатын жү­зеге асыруда айтар­лық­тай жетістіктерге жетті. Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тағы да құттықтаймын. Гүлденген, демократиялық және табыс­ты Қазақстан құрметі үшін менің шын жүректен шыққан құттықтауымды қабылдауларыңызды өтінемін, - делінген құттықтауда. 
Француз Республикасының Президенті Николя Саркози Мемлекет басшысын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. 
- Президент мырза, қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдық мерей­той­ы­на байланысты менің ең жылы лебіздерімді қабыл алыңыз.
Қазақстанның Сіздің басшы­лы­ғыңызбен бұлыңғыр бола­шақты бұрынғы кеңестік республикадан халықаралық абыройы күн санап өсіп келе жатқан, этносаралық және конфессияаралық келісім үстемдік құрған, бірыңғай серпінді даму жолындағы елге айналу барысында жүріп өткен  жолы таң қалдырады. 2009 жылдың қазан айында маған ресми сапармен келіп, Астананы тамашалау бақыты бұйырды. Жаңа елордаларыңыз осы көрнекті жетістіктеріңіздің футуристік символы болып табылады. Біздің тұрақты кездесулеріміз 2008 жылдың 11 мау­сымында Париж қаласында Сізбен қол қойған стратегиялық әріптестік туралы келісімге өте нақты мазмұн енгізуге мүмкіндік берді. Мен 2012 жыл онсыз да қарқынды, үдемелі екіжақты әріптестікке жаңа көкжиектер ашады деп сенемін, деп атап өтілген құттықтауда.
Испания Королі Хуан Карлос I Қазақстан Президентін еліміздің Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
- Құрметті Президент мырза, қымбатты досым, Сізге жеке өз атымнан, сондай-ақ Испания Үкіметі мен халқы атынан Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесіне орай жүрекжарды құттықтауымды жолдаймын. Қазақстан халқы биылғы жылы өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуде. Осы уақыт аралығында Қазақстан дәулетін ұлғайтуға қол жеткізіп, жарқын болашақ үшін берік негіз қалады. Достас Қазақстан халқына амандық, бейбітшілік және гүлдену тілеймін, - делінген құттықтау хатта.  
Сонымен бірге Киелі Тақ Папасы Бенедикт ХVІ Мемлекет басшысын және Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен  құттықтаған. 
- Жоғары мәртебелі, Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі Сізге және Қа­зақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу игі тілектерімді жолдауыма қуанышты мүмкіндік туғызып отыр. Еліңіздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Жа­ра­тушы еліңіздің тұрғындарының неғұрлым үйлесімді әрі әділетті қоғам құруына қуат беріп, олардың отбасылық, әлеуметтік және ұлттық өмірлері нұрлы болып, мәдени және рухани құндылықтарды құрметтеуді нәсіп етсін деп тілеймін. Жоғары мәртебелі, Сізге және елдің барлық азаматтарына Жаратқаннан шапағат тілеймін.
Украина Республикасының Президенті Виктор Янукович Мемлекет басшысына құттықтау жолдаған. 
- Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен шын жүрегімнен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыз. Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарла­ма­лар аясындағы реформалар мен инвестициялық перс­пек­тивалы жобалардың жоғары деңгейде көрініс тауып, халықаралық аренада үлкен беделге көтерілуі Сіздің тікелей жетекшілігіңіз бен дана саясатыңыздың арқасында болып отыр. Украина мен Қазақстанның алдағы уақыттарда да біздің мемлекеттеріміздің мүдделері жолында біздің халық­тарымыздың дәстүрлі достығына берік өзара түсіністік пен әріптестікке негізделген өзара тиімді, жемісті ынтымақтастығы бұдан кейін де нығая береріне сенімдімін. Өзара қызығушылық танытып отырған бірлескен жобалар, оның ішінде авиағарыштық, энергетикалық және аграрлық кешен саласындағы жобалар Қазақстан мен Украинаны тиімді модернизациялауға игі ықпал жасағаны сөзсіз. Сонымен бірге бұл біздің елдердің халықаралық аренадағы беделін көтеріп, халықтарымыздың сапалы өмір жағдайын арттырады. Сізге шынайы жүректен жауапты мемлекеттік қызметіңізде табыс және зор денсаулық, сол сияқты бауырлас Қазақстан халқына гүлдену, сәттілік тілеймін, - делінген құттықтауда.
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын айтулы датамен құттықтайды.    
- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді және достас Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдары ішінде Қа­зақстан өзінің әлеуметтік-эко­номикалық және саяси дамуында Сіздің көшбасшылығыңызбен үлкен табыстарға қол жеткізді, халықаралық аренада өз абырой-беделін бекітіп, биіктете түсті. Дәстүрлі достық рәуіштегі және өзара тиімді тәжік-қазақ қарым-қатынастары келешекте де екі ел мен халық игілігіне қызмет ете беретініне сенімдімін. Сізге, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бақыт және мықты денсаулық, ал достас Қазақстан халқына - жақсылықтар мен өркендеу тілеймін!
Еуропалық Комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу Мемлекет басшысына Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өз құттықтауын берді.   
- Құрметті Президент мырза, мен үшін Сізді және Қазақстан Рес­публикасының барлық азамат­та­рын 1991 жылы 16 желтоқсанда жа­рия­ланған Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы­мен құттықтау үлкен құрмет және зор қуаныш. Қазақстан осы тарихи оқиға болған сәттен саяси, эконо­ми­калық және мәдени салалардың халықаралық сахнасында өзін қалыптастыру, дамыту және нығайту жолында теңдессіз күш-жігер танытты. Мен Еуропалық одақтың екіжақты ынты­мақ­тастық және біздің  өзара байланыстарымыз арқылы осы прогрессивті бағыттың орнығуына өзіндік үлесімізді қосқанымызға қуаныштымын. Осы айтулы оқиғаға байланысты менің Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасының және оның азаматтарының әрқа­шан досы және серіктесі болатындығын тағы да атап өткім келеді. Біздің қолданыстағы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іс жүзіне асырудағы және Әріптестікті дамыту жө­нін­дегі жаңа келісім бойынша келіссөздер жүргізуді іске асыру жо­лын­дағы байланысымыз өзара қарым-қатынасымызды нығай­туға және тереңдетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қазақ­станның үлесі өте маңызды болып отырған Орталық Азиядағы біздің стратегиямыздың рухы бойынша байланысымызды одан әрі нығайта бермек. Қазақстан Республикасындағы, сонымен бірге Еуропалық одақтағы негізгі реформаларды дамыту, Еуро­палық одақ және ЕО-ға мүше мемлекеттер институттарын қолдау жөніндегі атқарылып жатқан бастамаларға біз үнемі қолдау көрсетеміз. Бұл реформалық үрдістер Сіздердің елдеріңізге демократиялық экономикалық және әлеуметтік даму және халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында алға қойған мақсаттарыңызға жетуге игі ықпалын тигізетін болады. Сізге және Қазақстан Республикасының барлық азамат­тарына бақыт және сәттілік тілеген менің шын жүректі сезімімді қабыл алыңыз, - делінген құттықтауда.
- Президент мырза, өз атымнан және барлық отандастарымның атынан Сізді және Сіздің халқы­ңызды Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасы биылғы жылы өз Тәуел­сіздігінің 20 жылдығын атап өтуде. Осы кезеңде Сіздің еліңіз аса зор даму жолынан өтті. Шынайы мақтан тұтатын қол жеткізген же­тістіктер көп және бүкіл халық мүддесі үшін Сіздің елі­ңіз­ді одан әрі жаңғырту жолында алда да көптеген міндеттер тұр. 1991 жылдан бастап біздің елдеріміздің арасында барлық дәрежедегі достық байланыстар қалыптасты. Германия алғашқы күннен бастап Тәуелсіз Қазақстанға белсенді қолдау және жәрдем  көрсетті. Жаңа байланыстарды кеңейту үшін саяси, экономикалық және мәдени салаларда бұрын­ғы­сынша зор әлеуеттер бар. Құқық және құндылықтар туралы саяси үнқатысуларды тереңдете отырып, Германия алдағы уақытта да Сіздің мемлекетіңіздің сенімді серіктесі болады. Сізге барлық сәттіліктерді және Қазақстан халқына бейбітшілік, азаттық және гүлдену жағдайындағы бақытты болашақ тілеймін, - делінген Германия Федеративтік Республикасының Президенті Кристиан Вульфтің құттықтауында.

Ресми мерекелерге » Тәуелсіздік күні »