М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан - құттықтау

М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан

Әскерге кеткенде
Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Серті мен сөзде тұратын,
Сенімді болсын жолдасың.
Жолыңды кесем дегендер
Ешқашанда оңбасын.
Сәтті болып істерің,
Жақсы болып түстерің,
Жортып бір жортып жеткенде,
Жомарт болып төсегің.
Жұғымды болсын ішкенің,
Көрмеген жерді көріп қайт.
Қайрылып сәлем беріп қайт.
Ырзығың сыртта шашылса,
Оны да түгел теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп.
Желіп барып, желіп қайт.
Бақ қосылып басыңа,
Дақ түспей ар мен ағыңа,
Сау-саламат өзіңмен,
Кездесейік тағы да.
                     Әумин


Оң болсын, балам, сапарың,
Молықсын дәмің, татарың,
Туған елің тапсырған,
Парызын өте Отанның.
Барып келіп жатыр ғой,
Өзіңдей жастар – қатарың.
Халықтың сүйген тірегі,
Сом темірдей білекті,
Арыстандай жүректі,
Анаңның сүтін ақтай біл,
Бере гөр деп тілекті!
                       Әумин



Бата-тілектер » Сапар бата »