Сәбит Ибадуллаев жинақтаған баталар кітабынан - құттықтау

Сәбит Ибадуллаев жинақтаған баталар кітабынан

Дастарханға-шаңыраққа-отбасына баталар
Тәңірі жарылқасын,
Кімді жарылқаса,
Соның жағында қалсын!
Жаманның алдында қалсын!
Жортқанда жолың болсын,
Адассаң, Алла жолға салып жүрсін,
Сүріндіртпей алып жүрсін,
Мың сан бәле, қауіп қатерден қағып жүрсін!


Уа, Жаратқан – Құдірет!
Мал-жандарын аман ет,
Басына бер зор бақыт.
Асыңа бер берекет,
Ғұмыр-жасын ұзақ ет.
Ұрпақтарын асыл ет,
Кәсібін адал кәсіп ет,
Бәле-жаладан аулақ қып,
Таттырма еш қасірет,
Дүниенің бар жақсылығын
Дәл осы отауға нәсіп ет!


Бізге тартқан басыңыз,
Дәмді екен асыңыз.
Ұрпақтар боп өзгеше,
Сыйлы болсын басыңыз!
Домаласын өрге тасыңыз,
Иманды болып тасыңыз.
Көре алмаушы, кертартпа
Құм қапсын дұшпан –қасыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз,
Елге сыйлы қарт болып,
Жәннатқа қадам басыңыз!
Құйған қызыл шәйіңіз,
Балдай тәтті майыңыз,
Еселі боп еңбегің,
Иманды боп байыңыз!


Дәулетіңді тастырсын,
Сәулетіңді астырсын,
Ақсақалың келгенде
Ақ дастархан жайылып,
Адал ас пен бас тұрсын!
Тіл мен көзден аман боп,
Түлеп ұшсын жас қыршын –
Байсалды туған балаңды
Байтағына бас қылсын!
Адалдан жиған малыңды
Алты атаңа ас қылсын!
Жақсыменен дос қылсын,
Жаманменен қас қылсын,
Иманыңды рас қылсын!
Қарауды қара тас қылсын,
Сараңның көңілін пәс қылсын!
Бұл үйге қастық қылғанды
Тәңірім қара бастырсын!


Ардақты үйдің иесі,
Әуелі бердің шай,
Көңілің болсын жай.
Екінші бердің ет,
Таппасын көңілің
Ешбір дерт!
Үшінші бердің сорпа,
Болмасын бағың орта!
Екі дүниенің игілігіне жеткізсін,
Есіркеп сүйген пендесінен еткізсін!


Астырсын, тастырсын,
Жақсылармен жанастырсын,
Жамандардан адастырсын,
Оттың басы аман болсын,
Бейбітшілік заман болсын,
Балаларың азамат адам болсын,
Жауың жеңіліп қабан болсын!


Дастарханың тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын!
Жарды болсаң жасыма,
Бай болсаң, тасыма!
Бақ-дәулет берсін басыңа,
Ғұмыр берсін жасыңа.
Бәле-жала, жын-шайтан,
Жоламасын қасыңа!
Иманның байлығын берсін,
Құт-берекенің бәрі келсін!


Басыңа Алла бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін,
Білім нақыл айтуға
Жалықпайтын жақ берсін!
Айтып жүрер білімнің
Іс-амалмен шақ келсін!
Береке-құт пен ырысты
Үйлеріңе ап келсін!
Қара ниетті жауыңа
Бәлекеті тап келсін!
Арман ниетке жеткізіп,
Тілеуіңді ап берсін!
Мал-жан аман тоқ болсын,
Қайғы-қасірет жоқ болсын!
Дастарханың ақ болсын,
Шаңыраққа бақ қонсын!
Балаларың көп болсын,
Тамағы тоқ, киімі көк болсын,
Иманы мығым бек болсын,
Сөзі тура дөп болсын!


Хак қарасын,
Бақ дарысын.
Дастарханға береке берсін,
Елге дәулет-мереке берсін.
Шыққанның есесін берсін,
Қалғанның берекесін берсін,
Кең пейіл берсін,
Ұзақ өмір берсін,
От айнала бас берсін,
өріс толы мал берсін.
Мал берсе, қайырын берекетімен берсін,
Бас берсе, азық-несібесімен берсін!


Ақылыңды астырсын,
Ықыласыңды тастырсын,
Балаң үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын!
Жақын көп болсын,
Жауың жоқ болсын!
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын әзіз басыңа!
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсын,
Қатулықтан аулақ бол,
Татулыққа жақын бол!
Дәуренің иманмен сәнді болсын,
Ғұмырың біліммен мәнді болсын!



Бата-тілектер » Дастархан бата »