Дастарханға-шаңыраққа баталар - құттықтау

Дастарханға-шаңыраққа баталар

Әуелі құдай оңдасын,
Аруақтарың қолдасын.
Бақыт пен дәулет, бас пен мал,
Басыңа мәңгі орнасын.
Төрт құбылаң сай болсын,
Саған қастық ойлаған
Ғұмырында оңбасын.
Ақылды бол, арлы бол,
Бақытты бол, малды бол,
Қатарыңның алды бол!
Әумин


 Берекеміз қашпасын,
Белімізді ешкім баспасын,
Адал жан болып астасың,
Арыңды күлдей шашпасын.
Бақыт болса бастасың,
Мейманың, сірә, таспасын,
Тірлікте түзу жол тапсаң,
Тәңірім берер басқасын.
Әумин


 Әуелі құдай есен ет,
Жиреншедей шешен ет,
Атымтайдай көсем ет,
Лұқпандай береген ет.
Ибраһимнің басын берсін,
Сүлейменнің тақытын берсін.
Қыдыр құсы қонсын басыңа.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл-қызың.
Ас иесі байысын,
Бар ойлаған арманың,
Жақсылыққа сайысын.
Әумин


Қазан-ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын.
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонып қияға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын.
Әумин
Береке берсін басыңа,
Бақ қонсын басыңа.
Балын татып өмірдің
Жамбылдың жет жасына.
Қуанышпен достарың
Жинала берсін қасыңа.
Қойың қоздап егізден,
Ешкің туып сегізден.
Майдан қолың кетпесін,
Соғымың болып семізден.
Айтып жүрсін қонағың
Таңдайдан кетпей жегізген.
Шалқып жатсын дәулетің,
Тасыған селдей теңізден.
Баянды Алла бақ берсін,
Адалын берсін, ақ берсін.
Атағың кетіп Алашқа,
Астыңа алтын тақ берсін.
Әумин


Береке берсін асыңа.
Әумин


Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал-басты аман қылсын!
Әумин


Дастарханың майлы,
Көңілің жайлы болсын.
Өміріңе не тілесең,
Тілегің қабыл болсын.
Әумин


 Дастарханыңнан дәм кетпесін,
Көңіліңнен сән кетпесін.
 Әумин

Бата-тілектер » Дастархан бата »