балаларға, жастарға бата - құттықтау

балаларға, жастарға бата

Ата cөзі дарып мол,
Ақ уызға жарып бол!
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол.
Атың шықсын алашқа-ай!
Абайға ұқсап милы бол,
Құрманғазыдай күйлі бол.
Қамын ойлап халқыңның,
Сұлтанмахмұттай сыйлы бол!
Шөжедейін  жыршы бол,
Біржан салдай әнші бол.
Қажымұқандай елдің ері бол,
Ақандайын сері бол.
Әлекеңдей заңғар бол,
Ақандайын абзал бол.
Міржақыптай сырбаз бол,
Мағжандайын маңғаз бол.
Сәкең сынды сұңқар бол,
Тұрар тектес тұлпар бол.
Жамбылдайын дүлдүл бол,
Күләштайын бұлбұл бол,
Қанышқа ұқсап кемел бол.
Бауыржандай батыр бол,
Рақымжандай батыл бол.
Марғұландай шежіре,
Қасымдайын ақын бол.
Бағың жанып,әрдәйым
Жақсыларға жақын бол!
                        Әумин


Абайдың басын берсін,
Жамбылдың жасын берсін,
Әміренің әнін берсін,
Сәкеннің сәнін берсін,
Құрманғазының күйін берсін,
Шараның биін берсін,
Қажымұқанның қайратын берсін,
Исатайдың айбатын берсін,
Мұхтардың атағын берсін,
Бауыржанның батырлығын берсін!
Әумин



Бата-тілектер » Балаларға баталар »