Үйлену тойында өткізілетін салт-дәстүрлер - құттықтау

Үйлену тойында өткізілетін салт-дәстүрлер

Авторы: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
 Үйлену тойының мәдениеті Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі
Үйлену тойы – екі жастың, олардың ата-аналарының өміріндегі қуанышты оқиға, адамдар арасындағы жұбайлық қарым-қатынасқа күдік тудырмау үшін жұртқа жария ету салтанаты. Ол – үйлену арқылы харам болған нәрсені халал етіп, халал болған нәрсені харам етіп берген Аллаһтың нығметін паш ету тойы. Сондай-ақ, бұл үйлену - әйелі күйеуіне, күйеуі әйеліне халал болғанын, керісінше енесі күйеу баласына, атасы келініне харам болғанын (жұбайлық қарым-қатынаста) білдіреді.
Ер мен әйел – отбасының екі іргетасы. Ол үйленумен қаланады. Үлкен бір кедергілер болмай тұрмыс құрмағандар дербес әрі адамгершілік міндетінен қашқан болады. Себебі, адам баласы адамгершілік қасиетін, абыройын, намысын үйлену арқылы берік қорғай алады. Ойшыл А.Шопенгауэр айтпақшы: «Үйлену дегеніміз - өз құқығыңның жарымын азайтып, міндетіңді екі есе көбейту деген сөз». Қыз ұзату Үйленетін жігіттің ата-анасы болашақ келінінің ата-анасының алдынан өтіп, құда түсіп, оған лайықты сый-сияпатын жасап, салт-дәстүрлерді орындаған соң қалыңдығын алып кетуге күйеу жігіт келеді. Сол кезде екі жасқа арналып ақ отау тігіледі. Ақ отауды тігу үстінде мынандай дәстүрлі рәсімдер жүзеге асырылады: 1. Құдай жолы; 2. Кереге керер; 3. Шаңырақ көтерер; 4. Уық шаншар; 5. Туырлық жабар; 6. Түндік жабар; 7. Үзік жабар; 8. Бау-шу байлар; 9. Отау байғазысы; 10. Мойын ұсынар. Отауға түсу Түн ортасы ауған кезде күйеу жігіт пен қалыңдық отауда оңаша кездеседі. Мұны «Отауға түсу» деп атайды. Қыз жеңешелері қалыңдық пен күйеуге арнап төсек дайындайды, көрпе үстіне ақ шүберек (неке жаулық) салады, тілеуін тілеп екі жасты бөлек қалдырады. Қалыңдық пәктігін жоғалтпаған болып шықса, онда жеңгелері сүйінші сұрайды. Тойға шақыру Той басталардан екі күн бұрын жан-жаққа шақыртушылар жіберіледі, алыстағы ағайынға екі-үш ай бұрын хабарлайды. Жастар қараңғы түсісімен киіз үйдің іргесін түріп тастап, қыздар іште, жігіттер сыртта тұрып айтыс бастайды. Жеңілген жақ усақ-түйек пен бір тоғызға дейін төлейді. Қыз ұзату тойы қалыңдықтың ата-анасы қалаған ойын-сауық, салт-дәстүрмен өткізіледі. Тойдағы балуандар күресінің, көкпардың, ат бәйгесінің түрлі ойындардың өз жүлдесі болады. Ең үлкен жүлде ат бәйгесінікі: бірінші бәйгеге түйе бастатқан тоғыз, екінші бәйгеге ат бастатқан тоғыз беріледі. Қыз жасауы Қазақта ұзатылатын қызға жасау беріледі. Оны алдын-ала әзірлейді. Қыз жасауы тоғыз түрлі. Олар мынандай: Ақ отау. Екі үзік, екі туырлық, бір түндік. Ескерту: ақ отаудың шаңырағын, керегесін және жарты жабын киізін күйеу әкеледі. Көрпе-төсек. Ағаш төсек, құс төсек, көрпе-жастық, төсеніш көрпе, құрақ көрпе, жүкаяқ, сандық, жағлан. Төсеніш. Бірнеше текемет, сырмақ, откиіз, 4-5 алаша, 2-3 кілем. Киім-кешек. Әрқайсысы тоғыздан тон, ішік, көйлек-көншек, шапан, қамзол, бешпент. Ыдыс-аяқ. Қазан-ошақ, құман, саба, торсық, шара, шөміш, ожау, қасық, тостаған, күбі, келі, кебеже, асадал, саптыаяқ, тегене. Қару-жарақ. Ер-тұрман, садақ, берік сауыт, қалқан, берен қылыш. Көлік және сауын малы. Әр түлік бойынша бір-бір мал. Сойыс малы. Сойыс малы бір, бір жарым жылға мөлшерлеп беріледі. Құрал-жабдықтар. Балта, шот, балға, ара, егеу, ине, біз, үскі, талыс және т.б. Келін түсіру Жасаулы көшті қарсы алу. Ауыл әйелдері жасаулы көшті шашу шашып қарсы алады. Көш бастар түйенің бұйдасын жетектеп ауылға енген әйел «мұрындық апа» атанып, тиісті сыйлығын алады. Ақ отау тігу Ол күйеу жігіттің әкесінің үйінің оң жағына тігіледі. Шаңырақты жақсылықпен атағы жайылған ана көтереді. Оны алдын-ала таңдап қояды. Отау тігілген соң жиһаздары жиналады. Келіннің алдынан қыз-келіншектер шымылдық алып шығады. Жас келінді қайын атасының үйіне кіргізу: ауыл шетінде күтіп тұрған жеңгелері жас келінді шымылдықпен бүркемелеп, қайын атасының үйіне алып келеді. Жас келін босағаны оң аяғымен аттайды; сонан соң тізесіп бүгіп, үш рет қайын атасына сәлем жасайды; атасы «көп жаса, бақытты бол» деп батасын береді; жас келінді ошақ жанындағы жұмсақ төсенішке отырғызады. Мұнан соң отқа май құю рәсімі басталады. «Отқа май құю» Қазақтың әдет-ғұрыптары есте жоқ ерте замандағы дүниетанымынан бастау алып, кейін дәстүрлі құқықтық сана-сезіміне ұласқан. Отқа май құю-ежелгі қазақтардың аталар аруағына, от құдіретіне бас июіне байланысты қалыптасқан дәстүр. Бұл дәстүр күйеу жігіт алғаш рет ресми түрде қалыңдығына бұрын барғанында, одан кейін қалыңдығын алып қайтуға барғанында, жаңа түскен келін қайын атасының шаңырағына алғаш келіп кіргенінде жасалады. Халық сенімінде отқа құйылған майдың қоңырсыған иісі екі жақтағы аруақтарды риза етеді, олар әрдәйім екі жасты желеп-жебеп жүретін болады. Ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов үйлену тойында отқа май құю дәстүрі туралы былай деген: «... Қазақтар отты әулие санайды, осы әулие атаулармен мұсылман тақуаларын да атайды. Сонымен бірге жаңа түскен келіннің жұмсақ, биязы болуын тілеп, отқа май құйып, еңкейтіп, тағзым еткізеді, жас нәресте дүниеге келгенде, баланы отқа жақындатып, жалбарынады; отқа тазалаушылық қасиеті бар деп аластайды. Отпен анттасып, өшіп қалған от болса да, оған түкіртпейді». «Бір адамның жаққан отынан он адам жылынады» деп отты қастерлейтін қазақ халқы келін түсіргенде отқа май құяды, келіннің енесі осы отқа екі алақанын қыздырып, жаңа түскен келіннің екі бетінен сипап: «От – Ана, Ұмай – Ана, жарылқай гөр!», - деп тілек айтады. Қасындағы әйелдер де: «Оттай опалы бол!», - деп қолдарын отқа қыздырып, жас келіннің маңдайына тигізеді. Жас келінді ақ отауға әкелу Атасынан бата алған жас келінді енді екі жасқа арнайы тігілген ақ отауға апарады. Оны күйеу жігіттің шешесі шашу шашып қарсы алады. Жас келін табалдырықтан оң аяғымен аттап ішке кіреді. Енесі жас келінді киіз үйдің сол жағына тігілген шымылдықтың ішіне әкеліп отырғызады. Еріп келген қыз-келіншектерге әртүрлі сыйлықтар үлестіріледі. Жас келін мен күйеу жігіттің ата-анасы беташар жасап, той өткізуге әзірленеді.
Қол ұстасу. Бұл – күйеу жігіттің қалыңдығын қолынан ұстап үйіне алып келуі. Ол – жұбайлық өмірдің басы. Ері ендігі жерде әйелі үшін жауапты, некемен келер барлық жауапкершілікті мойнына алады. Қол ұстасу жыныстық қарым-қатынаста болуды да білдіреді. Ерлі- зайыптылар «алғашқы кездесуге» психологиялық тұрғыда дайын болуға тиісті. Олардың ақ некеден кейінгі жыныстық қарым-қатынасты – ұрпақ көбейтуге, зинадан аулақ болуға, нәпсіқұмарлықтан ада болуға жасалған оң қадам деп қабылдағаны абзал. Неке қию Ол екі түрлі. Біріншісі қаладағы жас жұбайлар сарайына барып, немесе оның қызметкерлерін (ЗАГС-тің) тойға шақырып, сонда некеге отыру. Екіншісі мешітке барып, немесе молданы тойға алдыртып неке суын ішіп, некелерін қидыру. Қазақ салты бойынша, «неке оқылғаннан кейін жас жұбайлардың шымылдығына үкі тағылады. Үкі-күндіз жатып, тіршілігіне түнде кірісетін құс. Ата-ана ол балаларына бас-көз болсын деп ырымдайды. Екінші – үкінің қауырсыны сұлу, сәнге керек. Үшіншісі, үкі келіннің қыз күніндегі тақиясына тағылған, естелік ретінде бірге болуға тиіс. Сонан соң екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады. Сосын қыздың шешесі (енесі) дайындалған төсекке келіп аршаның түтінімен айнала түтіндейді. Мұнысы – біріншіден арша – қысы-жазы солмайтын, қурамайтын ағаш, анасының екі балам осы ағаштай өмір бойы қартаймасын дегені. Екіншіден, арша түтінінде тамаша иіс бар. Үшіншіден, арша қазақ ұғымында пәле-жаладан аластайды. Бұл тәртіп қыз ұзатылып барғаннан кейін күйеу жігіттің де үйінде қайталанады. Төсекті келіннің жеңгелері салады, бірақ мұнда қыздың пәктігі тексерілмейді». Неке сақинасы Этнографтардың зерттеуінше, неке сақинасын алмастыруды мысырлықтар ойлап тапқан. Сақинаның дөңгелек қалыбы (формасы) – мәңгілік жұптар арасындағы шексіз бақыт пен махаббатты бейнелейді. Той күні қонақтардың күйеу жігіт пен қалыңдыққа жақындауы (қол тигізуі) бақыт әкеледі деген ырым бар. Өйткені, бұл күні қос аққудай болған жас жұбай-лар Аллаһ Тағаланың шапағатына бөленеді.

Салт-дәстүрлер » Үйлену салт-дәстүрлері »