Жолаушыны құрметтеген халықпыз - құттықтау

Жолаушыны құрметтеген халықпыз

- Қазақ қара жолды қадірлеп, жолаушыны құрметтеген халық. "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді" деп жолаушы жолының үлкен екендігін айтады. Ертеде қазіргідей хат-хабар, барыс-келістің оңай орындалмайтын кезінде ел-жұрттың, жер-судың амандығын жолаушылар арқылы біліп, жолаушылар арқылы хабар тарап отырған. Ауыл мен ауылды, ру мен ұлысты, алыс пен жақын елді жалғастырып байланыстыратын дәнекер - сол жолаушылар болған.
          Жол мен жолаушыны қадірлеп халқымыз оған байланысты ырым-жоралғылар, дәстүр-салттарды қалыптастырған. Олардың әрқайсысының ізгі тілеуі, ақ ниеті бар. "Жолы болсын", "сапары сәтті болсын", "алды ашық болсын" деп алыс жолға жүретін адамға "жолашар" немесе "жолаяқ" деп аталатын дәстүрді жасап, шығарып салады. Адамы жол жүретін отбасы бір малын сойып, ауылдағы үлкен-кішіге дастархан жаяды. Қариялар жолаушыға арнап бата береді.
          Жас адам өз әулетінің қара шаңырағына, үлкен үйлеріне кіріп тізе бүгіп, дәм ауыз тиіп шығатын дәстүр және бар. Жолаушының анасы не апа-қарындасы бір жапырақ нанның шетінен тістетіп, қалғанын алып қояды. бұл "дәм тартып отбасына есен-сау оралсын" деген ниеттен шыққан. Кейін жолаушы келгенде, сол нанды қатып қалса да жейді. Әсілі, біреу тістеген нанды басқа адам "тістесіп қаламыз" деп жемейді. Ал "тістелген нан иесін күтіп, тілеулес болып тұрады" деген наным болған. Бұл - қазір мүлде ұмытылған ырым. Сонымен, "жүрген жерің мейірімді, қайырымды болсын, басар жер, асар тауың жеңіл болсын" деп долаушыны бүкіл ауыл аттандырып салады.
          Сапар барысында жолаушының көңілі бірде - семіріп, бірде - арықтап, жолдың ыстық-суығын басынан өткізіп, межелеген жеріне жетуі, одан ойға алған ісін орындап сау-сәлемет үйіріне қосылуы - өзіне де, айналасына да зор қуаныш. Сол мерейлі күнге үмітпен қараған отбасы "ай жүрсе де, аман оралсын, ел-жұртына қайта қауышуға жазсын" деп "тоқымқағар" дәстүрін жасайды. "Тоқымқағарды" жолаушының келер мерзімі таяп қалғанда не кешіге бастағанда әйелдер дағы дастархан әзірлеп ауылдастарын шайға шақырады. "Жолаушының кешіккеніне қарап қуан" деп, кідірістің өзін жақсылыққа жориды. Үйден тоқым алып шығып, "жолда ұзақ жүріп, тоқымы шаң болып қалыпты ғой..." деп тоқымды қағып-сілкіп ырымдайды. "Тілек тілде ғана емес, ділден, жүректен шынайы шымырлап шығып жатса, жаратқан иемнің кеңшілігі мол, ниет қабыл болады", - дейтін көпті көрген көсем қариялар.

Салт-дәстүрлер » Әдет-ғұрыптар »