Ең мықты отағасы /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан - құттықтау

Ең мықты отағасы /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан

Ең мықты отағасы              (әзіл әңгіме) Сәтбек саясатқа жақын жігіт еді.Саясатқа жақындықтан осы Сәтбектің тапқан пайдасы бар ма? Қайта әйел,бала-шағасын қып-қызыл саясаткер етіп жіберген жоқ па? Бәрі де қалай басталып еді өзі? Бір күні Сәтбектің әйелі отырып: "Ең мықты отағасы-Айтбек қой,шіркін!"-деп қалғаны.Сол-ақ екен,Сәтбек әйеліне ежірейе қарап: -Не айтып отырсың? Айтып отырған Айтбегің не?-деді. -Ойбай,енді пікірімізді де айтуға болмай ма?-деді әйелі.-Өзің емес пе "семья деген-шағын мемлекет",біздің шағын мемлекетіміз демократиялық жағдайда өмір сүреді,біздің отбасымызда әркімнің өз пікірін айтуға толық құқығы бар" деген. -Құқығым бар екен деп Айтбекті айтуың керек пе?-деді Сәтбек.-Біле білсең,ең мықты отағасы-менмін,мен,мен,-деп Сәтбек өз кеудесін өзі жұдырығымен үш рет ұрғылады. Әйелі Сәтбектің бұл қылығына мырс ете қалды: -Осы қит етсе еркектердің "мен","мен" деп өз кеуделерін өзі ұрып шыға келетіні несі екен? Ең мықты отағасы деген заңды құқығың жоқ,-деді. -Немеене?!-деді Сәтбек ежірейіп. -Демократиялық отбасында сенің ең мықты отағасы екендігің дауыс беру арқылы айқындалу керек,-деді әйелі бүлк етпей. -Кім дауыс береді?-деді Сәтбек әйеліне қарап. -Отбасы мүшелерің де,-деді әйелі. -Берсек берерміз,дауыстан қашатын мен емес,-деді Сәтбек. Сол күннен бастап Сәтбектің үйіндегі отбасы мүшелерінің дастархан басына жинала қалған сәттері қып-қызыл жиын болып өтетін еді.Егер бұл әңгімені біреу сырттарынан тыңдап тұратын болса, "Сәтбектер немене өздері отбасы болып партия құрып алғаннан сау ма?" дейтіндей еді. Ең алдымен жарқыратып сақина салған саусақтарымен аққұманның қақпағын ысқылап отырып,Сәтбектің әйелі сөйлейді: -Меніңше,ең мықты отағасы Айтбек деп ойлаймын.Айтбектің салған үйі қандай? Бала-шағасына қамқор әке... Мұндайда Сәтбек шыдамай ұшып тұрады: -Біздің арамызда өз отбасына деген патриоттық сезімі кемшін жандардың бар екендігі қандай өкінішті.Олар біреудің қаңсығын таңсық көреді. -Неменеге айқайлайсың?-дейді Сәтбектің әйелі.-Қит етсе айқайлап шыға келетінің бар екен.Сенде өзі саяси-құқықтық мәдениет деген бола ма? -Күйдіріп бара жатқан жоқсың ба?-дейді Сәтбек.-Адамды күйдіріп барасың ғой тегі... Бұдан кейін Сәтбектің қызы сөз алады.Жасөспірім қыз нәзік саусақтарымен самай шашын құлағының үстіне бір қайырып тастап,қара көздері ұшқын атып сөйлеп кетеді: -Дүниедегі ең тамаша әке-менің папам деп ойлаймын.Ол өз балаларын жанындай жақсы көреді... Сәтбек мұндай кезде де шыдамай ұшып тұрады: -Біздің арамызда саяси санасы толық пісіп-жетілген адамдардың бар екендігі мені қуантады.Бұл біздің отбасылық идеологиямыздың дұрыс бағытта жұмыс істеп келе жатырғанын көрсетеді. Бұдан кейін Сәтбектің бастауыш сыныпта оқитын ұлы сөз алады.Бала әр нәрсенің басын бір шалып,кейде шешесіне жалтақтап тұрып қалушы еді. Сәтбек мұндай кезде де шыдамай ұшып тұрады: -Біздің арамызда саяси түсінігі жетілмеген адамдардың бар екендігі қандай өкініш.Олар пікір айтқанда,солқылдақтық танытады. Сәтбектің соншама күйіп-піскеніне мұндайда әйелінің ішек-сілесі қатып күлуші еді. Ендігі сөзді Сәтбектің өзі алады: -Отбасындағы ең басты капитал-адам,-деп бастайды сөзін Сәтбек,-мені өз отбасымыздағы халық санының аздығы ойландырады.-Сәтбек әйеліне көзінің астымен бір қарап қояды.-Рас бізге туристер келіп кетеді,-дейді Сәтбек,анда-санда ауылдан келіп кететін енесін есіне алып,-олар мүмкін біздің отбасылық бюджетімізге белгілі бір дәрежеде пайда да келтіріп жатқан шығар.-Сәтбек енесінің ауылдан келгенде қолы бос келмейтінін көз алдына елестетеді.-Әйтсе де туристердің біздің отбасымыздағы халық санының артуына өз үлесін қоса алмайтындығы анық қой,бұл-мүмкін емес жағдай.Сонымен қатар,-дейді Сәтбек сөзін одан әрі соза түсіп,-бізге білім алу келісім-шартымен келіп-кететін жастар туралы да осыны айтуға тиіспіз.-Сәтбек осында жатып оқып кеткен балдыздарын еске түсіреді.-Олар да біздің отбасымыздағы халық санының артуына өз үлестерін қоса алмас еді. Ал еңбек мигранттары туралы сөз етуге де тұрмайды,-дейді Сәтбек ауылдан келіп,тиіп-қашып жұмыс істеп кететін інілерін еске алып.-Олар тіпті көпе-көрнеу заңдылықты бұзады.-Сәтбек тап керек кезінде іздегенде,жұмыс берушіден ақшасын ала салып,"ауылда бір қыздың туған күні бар еді" деп таптырмай,зытып кеткен інісін еске түсіреді.-Сондықтан да,-дейді Сәтбек сөзін одан әрі жалғап,-отбасымыздағы халық санының артуы-табиғи өсім негізінде жүзеге асуы тиіс.-Сәтбек тағы да әйеліне көзінің астымен бір қарап қойып сөзін аяқтайды. -Отбасындағы халық санының артуы үшін жұмыс істеу керек,-дейді әйелі. -Неменее?-дейді Сәтбек ежірейіп.-Осындай сөзді айтуға балалардың көзінше қалай ғана ұялмайсың? -Мен ол жайлы айтып тұрған жоқпын,-дейді әйелі.-Мен алдымызға қойылар әлеуметтік-экономикалық міндеттер туралы сөз қозғағым келіп отыр.Халық санының артуымен бірге оны баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігі туындамай ма екен? Құрқылтайдың ұясындай ғана пәтерде отырмыз.Ал Айтбек... Сәтбек әйеліне ашулана қарайды. Ертеңіне шай үстінде Сәтбек өз шешімін айтты: "Өзімнің отағасы ретіндегі құқығымды пайдалана отырып..." Қысқасы Сәтбек дауыс беруді кейінге қалдырды. Оның есесіне Сәтбек үй салуға кірісіп кетті.Үй салғанда-Сәтбек салсын! Сәтбектің салған үйінің жанында Айтбектің салған үйі әшейін бірдеңе болды да қалды. Сәтбектер үйін салып,бітіріп,кіре бергенде-ақ,"қоныс жайлы болсын!" айтқан көршілері басып салсын.Бәрі де бұрынғы көршілері еді.Зибаш бастаған келіншектердің жүрген жері той-думан емес пе,әп-сәтте-ақ қоныс тойын бастады да жіберді.Дастархан үстінде Зибаш Сәтбекке қарап: -Дауыс беруді қашан өткізгелі жатырсың?-деп сұрады. -Көп кешіктірмеймін,-деді Сәтбек,-дауыс беру ашық әрі айқын жүргізіледі.Ешкім ешкімнің құқығына қол сұқпайды. -Дұрыс!-деді Зибаш. Сол жерде дауыс беруді өткізетін комиссия сайланды.Төрайымы болып Зибаш бекітілді. Үш-төрт күннен кейін,Зибаш бастаған келіншектер Сәтбектің үйіне келіп,дауыс беретін бөлме жабдықтап кетті-ортаға дауыс бюллетенін салатын жәшік,ал бұрышқа дауыс беруге арналған кабина жасақталды. -Дауыс беру таңертең өткізіледі,-деді ЗибашСөйтті де әйелдер шығып кетті. -Әрқайсысың бөлек-бөлек бөлмеде боласыңдар,-деді Сәтбек үй-ішіндегілерге қарап,-үгіт-насихат жұмыстары тоқтатылады.Сөйтті де өзі бір бөлмеге кіріп алып,түнімен дөңбекшіп шықты: "ертең дауыс беру қалай өткізіледі екен?" Таңертең ерте тұрған Сәтбек мұнтаздай қырынып,иіссуын себініп,су жаңа көйлегін киіп,оған жарасымды галстугін байлап бола берген сәтте,ресми киінген Зибаш бастаған келіншектер сау етіп кіріп келді де,Сәтбекке салқын амандасқан күйі дауыс беретін бөлмеге қарай өте берді. Ең алдымен дауыс беруге Сәтбектің өзі кіретін болды.Алақандай қағазда мынадай жазу бар еді: "Сіз Сәтбек Көкпекұлын ең мықты отағасы деп танисыз ба?" Сұрақтың астында "иә","жоқ" деген екі жауап берілген.Сәтбек "иә" деген жауапты белгіледі де,қағазды апарып жәшікке салды.Сонан-соң бұдан әрі дауыс беруге бақылаушы міндетін атқару үшін орындыққа отырды. Одан кейін дауыс беретін бөлмеге барын киіп,бақанын асынған Сәтбектің әйелі найқала басып кірді.Қағазды жәшікке салып жатып,әйелі Сәтбекке жұмбақ түрде жымиып күлгені. "Күл,күл,-деді Сәтбек ішінен ызаланып,-күйеуіңді құлатқанға күліп жатқан шығарсың? Айтбек сені қайтсін-ай,Айтбек деген бала-шағасы бар адам емес пе?" Сәтбек әйелімен іштей ұрысып отырғанда,бөлмеге құлдыраңдап Сәтбектің ұлы кірді. "Ұлым,-деді Сәтбек,ұлын көргенде іштей тебіреніп,-сен-менің мұрагерімсің! Сен басқа отағасы дегеннің не екенін білесің бе? Мүмкін оның мұздатқышы тамаққа толып тұратын шығар,жиһаздары да біздің үйдің жиһаздарынан қымбатырақ болар,әйтсе де,ұлым,онда сенің құқықтарың мен бостандықтарың шектелер еді". Сәтбек осылай ұлы туралы тебіреніп отырғанда,бөлмеге қызы кірді. "Қызым!-деді Сәтбек,қызына қарап отырып толқып.-Сен-менің сенімді серігімсің! Сен біздің отбасымыздағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға төзімділік таныттың.Сонымен қатар ішкі саяси тұрақтылығымызға әр уақыт өз үлесіңді қосып келдің.Мен сені әрқашан да мақтан етемін,қызым!" ...Дауыс беру аяқталып,дауыс берудің нәтижелері айқындалып жатқан сәтте,Сәтбекке секундтар жылға созылғандай көрінді. Бір кезде Зибаштың өзіне күлімсірей қарап: "Сәке,өз отбасыңыздың жүз пайыз сеніміне ие болдыңыз"-дегенінде,Сәтбектің жүрегі дүрсілдеп кетті. Сәтбекті әйелі мен балалары келіп құттықтады.Сәтбек екі баласының маңдайынан кезек-кезек сүйді. Дауыс берудің нәтижесіне қуана тұрып,Сәтбек "қайран қара шалдар-ай,сендер ешбір дауыс берусіз-ақ,мықты отағасы атанып едіңдер-ау,енді мынау ұрпағың демократиялық үрдіске сай дауыс беруге тәуелді боп жатқаны" деп бір толқып алды. Екеуара оңаша қалғанда,Сәтбек әйеліне: -Әйелдердің алдында құлатып жіберіп,масқарамды шығарар деп сенен қорықтым,-деді. Сәтбектің әйелі сыңғырлай күлді: -Неге құлатайын,Сәке-ау,кісінің көзінше абыройынды түсірген жерім болды ма? Ренжіп тұрсам да,жұрт көзінше сыр бермей,айтсам,өзіңе ғана оңашада айттым,-деді. -Рас,рас,-деді Сәтбек әйеліне күліп қарап. Сонан-соң "отбасымыздағы халық санын арттыруды да ұмытпайық" дегендей жарының түймесіне қол соза берді. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »