Дүрмек-дипломат /әзіл-шыны аралас/ қосқан ғабиден Қожахмет Қызылордадан - құттықтау

Дүрмек-дипломат /әзіл-шыны аралас/ қосқан ғабиден Қожахмет Қызылордадан

Дүрмек-дипломат  Осы Дүрмектің мінезі қызық,сағат кешкі онда-ақ үйге келіп тұрған інісіне әңкілдей жөнелетіні бар:"Қайда жүрсің,қайда жүрсің осы уақытқа дейін,сағаттың неше болғанын білесің бе өзің?" Інісі мұндайда наразы кейіппен қарап:"Келе жатырмыз ғой енді"-дейді."Уайымдап отырамыз қайда жүр деп".Осы кезде ас бөлмеден күлімсіреген күйі Дүрмектің әйелі шығады да:"Туу,Дүреке-ай,баланың есін шығарып жібердің ғой"-деп,Дүрмекті ішкі бөлмеге қарай қақпақылдайды.Дүрмектің өзі де жүк көлігі сияқты ірі неме ғой,әйелі күліп жүріп,шкаф жылжытқандай Дүрмектің жауырынынан итереді.Құдая тоба,Дүрмек осы кезде табанының астында құйтақандай-құйтақандай доңғалақтары бар секілді жылжи жөнелер еді,бірақ сонда да мойнын артына бұрып,сөйлеп бара жатады:"Қазір заман деген жаман,көше толған бұзақы,хулиган,маньяк,педофил".Әйелі Дүрмектің бұл сөзіне ішек-сілесі қатып күледі:"Жаудың бәрі,әйтеуір,біздің Дүрекеңді қаптайды да жатады".Дүрмек әйеліне ажырая қарап:"Темекім қайда?"-дейді.Әйелі алып берген темекінің бір талын ерніне қыстырып,Дүрмек енді балконға шығып бара жатады,шығып бара жатып та күңкілдеп сөйлеп бара жатады.Анығында Дүрмек осының бәрін әдейі істейді.Егер Дүрмек інісіне бір анададан туған бауырымсың ғой деп,оны бөлектеп,айрықша жақсы көрсе,әйелі "осы сенің-ақ бауырларыңа бауырың бітеді де отырады екен,бауыр бәрімізде де бар,онда бауырларымызды қаптатып қойып отырайық" дер ме еді кім білсін? Дүрмек енді екі жеп биге шығуды ойлап,бір тасты оп-оңай құрбандыққа шала салған кәнігі дойбышы құсап,інісін әйеліне елеусіз ғана жылжыта салды.Дүрмек телевизор көріп отырып,ас бөлмеде әйелінің қайнысына шай беріп жатқанын біліп отырады,біраздан соң өзі де аударылып-төңкеріліп сонда беттер еді.Дүрмек кіріп келгенде,інісі ұшып тұрып:"Мына жаққа шығыңыз"-дейді.Дүрмек қолымен отыра бер дегендей белгі береді.Әйелі Дүрмекке күлімсірей қарап:"Шай іш"-дейді."Бір кесе ішейін".Дүрмек бір кесе шайын ішіп,орнынан тұра беріп,қақпаға баспен гол соққалы жатқан футболистерше інісін басымен нұқып көрсетіп,әйеліне:"Сабағы қалай екен,сұра"-дейтіні бар еді.Кейде Дүрмек әйелі жанына келгенде,осы сұрақтың жауабын сұрайтыны бар.Мұндайда әйелі:"Бір сабағынан қиналып жүр екен,құрбымның осыларда істейтін танысы бар еді,ертең құрбыма айта қояйыншы"-дейді.Дүрмектің осыған кәдімгідей іші жылып отырады.  Дүрмектің ауылда жұмыс істейтін әп-әдемі балдызы бар.Сол балдызы кейде қалаға Дүрмектердің үйіне келеді.Дүрмектер тұратын ауданда балдызының тұрмыс қа шыққан құрбысы бар.Балдызы сол құрбысына қыдырып барып келіп,есіктен ене бергенде,Дүрмектің әйелі сіңлісіне дүрсе қоя береді:"Туу,қайда жүрсің осы уақытқа дейін,сені уайымдап боламыз".Мұндайда Дүрмектің балдызының қарлығаштың қанаты секілді қастары қосыла кетеді:"Келе жатырмыз ғой енді,үйдің арасы тиіп тұрған жоқ па?" "Қыз бала болған соң уайымдаймыз,қазір заман деген жаман".Мұндайда Дүрмек балдызына ара түсе кетеді:"Ау,бәйбіше,бәйбіше,өзің жас болмадың ба,құрбысы болғасын барады да,қыздардың өзара әңгімесі болады"."Қойшы,осы үйде менің сөзімді сөйлейтін адам жоқ".Дүрмектің әйелі осылай деп,қабағын шытып,жуынатын бөлмеге кіріп кетер еді.Дүрмек әйелінің мінезіне қарқ-қарқ күліп,телевизорын көруге кетеді.Біраздан соң Дүрмек аударылып-төңкеріліп ас бөлмеге бара жатады.Дүрмекті көріп балдызы:"Келіңіз,жезде,бізбен бірге шай ішіңіз"-дейді."Бір кесе ішейін".Дүрмек осылай деп отыра беріп,әйелі мен балдызына кезек-кезек қарап:"Екеуің ұқсайсыңдар"-дейтіні бар."Қойшы,қайдағы ұқсаған,-дейді мұндайда әйелі,-сіңлім мамама ұқсаған,мен папама ұқсаймын".Дүрмек қайтадан кезек-кезек қарап отырып:"Жоқ,көздеріңде бір ұқсастық бар"-дейді.Сонан-соң балдызына қарап:"Сенде әпкеңе ұқсап сұлу болып өсіп келе жатыр екенсің"-деуші еді.Осы сөзді қашан айтар екен деп күтіп отырған балдызы сыңғырлап тұрып күледі:"Жездем әпкеме жағынып жатыр".Сіңлісінің сөзіне Дүрмектің әйелі езу тартады,ал Дүрмек қарқ-қарқ күледі.  Кейде Дүрмектің әйелінің өзінің анасымен телефон арқылы сөйлесіп тұрып,әлденеге ренжігендей асығыс қоштасып,трубканы тастай салып:"Туу,мамам да қызық осы,өзінің түсінігінен өзгерте алмайсың"-дейтіні бар еді.Осы кезде Дүрмек оқып отырған газетін былай ысыра салып:"Ау,мамаңа ренжігеніне жол болсын,ұят-тағы,үлкен кісі болғасын біледі де,қой,ертең өзің қайта телефон соқ"-дейтіні бар.Мұндайда әйелі:"Кетші осы сенде,менің сөзімді сөйлеудің орнына,мамамның сөзін сөйлеп өліп бара жатырсың ғой,өзің бір жағымпаз күйеу бала болдың ғой тіпті"-дейтіні бар.Дүрмек газетін былай ысырып қойып,қатуланып орнынан тұрып:"Кім жағымпаз?"-дейді."Сен жағымпаз"."Мен бе жағымпаз?" Дүрмек өз кеудесін өзі саусағымен түртіп көрсетеді."Иә,сен"."Көрсетейін саған жағымпазды".Дүрмек әйелін құшақтай-мұшақтай төсекке құлар еді.Дүрмектің көрсеткені сол-әйелінің мойнынан қытықтап сүйіп кете ме-ау немене?  Осы Дүрмекті әртіс дейін десең,қулық-сұмдығы жоқ,жұртқа болсын деп тұрған бір пенде,ал әртіс емес дейін десең,істейтіні әлгі.  Білмеймін осыдан ба жұрттың бәрі Дүрмектің отбасын тату отбасы деп жүр ғой,әйтеуір. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »