Бірдеңе той - құттықтау

Бірдеңе той

         Шынымды айтсам, шатымды шаң басып шапқылап жүрген жоқпын. Көзім аларып, аш жүрмеймін, балалардың арқасында, құдайға шүкір, тоқпын.
         Тұңғышым – сыбайлас жемқорлармен күресе кететін, күресе жүріп, күреп ақша табатын департаменттің бастығы. Екінші ұлым – облыс прокуроры, үшіншім – салық комитетінің төрағасы. Былтыр немерелеріміздің үйлену тойын дүрілдетіп жасадық. Биыл алпыс жасқа толған мерейтойымды балаларым бал жалатып, елді ауыздарына қаратып, керемет өткізді. Былтыр үйленген немерем келінмен ажырасып, ажырасу тойын да өткізіп бердік.
         Ай сайын той жасамасақ «жадный» болып қалатындай қағынып, той шіркінді сағынып жүреміз. Көршіміз жүдә нашар кісі еді. Жүдә арызқой. Сол кісі көктемде көкжетел болып о дүниеге аттанды да, оған да дүркіретіп той жасадық. Әкемнің әкесінің әкесінің әкесі ХVII ғасырда той жасай алмаған ғой, сол бабамның сүндетке отыруын еске алып, сырттай той жасағанымыз да есімде. Бұл қазақ той өткізбесе, өртеніп өліп кете жаздайды емес пе? Екі ай болды той көрмегенімізге. Атай қоятын ештеңе де қалмады. Сосын кемпіріме:
         - Қатипа, той қамына кірісейік,- дедім.
         - Қандай той өткіземіз? – деп сұрады ол.
         - Әйтеуір, бірдеме той! – дедім мен.
         - Ол не сонда?
         - Бірдеңе той деп аталады.
         - Бірдеңесі несі? Қайдағаны шығарып!
         - Балаларға хабарлас! Осы сенбіде бірдеңе той өткіземіз!
         Аумағы ат шаптырып Салтанат сарайын жалдап, мың кісі шақырып, «Бірдеңе тойын» өткізіп жатырмыз. Төрге «Бірдеңе тойына қош келіпсіздер!» деп жазып қойдық. Тойға келгендер: «Мыжеке, бірдеңеңіз құтты болсын!» десіп жатыр.
         Той басталды. Асаба микрофонды бір жалап алып:
         Өмірдің өзі бір демде,
         Өтеді де кетеді.
         Тойдың аты – «Бірдеңе!»
         Елден-елге жетеді! – деп өлеңдетіп барып, әнге кезек берді. Әннің аты «Бірдеңе» екен. Қонақтар әйтеуір бірдеңелер жеп, бірдеңелер ішіп отыр. Той сөз сөйлеуден басталатынын білесіздер. Біздің қазақ тап бір Парламент мәжілісінде отырғандай, сөзден сүйек, тілектен тиек шығарғандай ұзағынан, ұйқысы келгенше, кеңірдегі кепкенше сөйлейді емес пе? Сенатор досымның сөйлеген сықпыты былай болды:
         - Мыжбан бауырым, бірдеңе құтты болсын, бірдеңең бірдеңеңе ұлассын! Бірдеңең бақытты болсын! бірдеңелерің үбірлі-шүбірлі болып, біртүрлі тойларда кездесе берейік! Өз басым үйлену тойларында көрдім, мерейтойларын да, сүндет тойларын да көрдім. Ал біртүрлі бірдеңе тойын көріп отырғаным осы. Құдай осындай, әйтеуір бірдеңе тойларға жеткізсін. Бірдеңеміз кем болмасын, бірдеңеден бірдеңеңе қол жеткізе берейік!
         Асаба Сенатор мырзаға бірдеңе деп еді:
         - Асаба інішек, бірдеңе дедің бе?  деп пауза жасады досым.
         - Тыжбан аға, тойға байланысты бірдеңе десеңізші.
         - Әй ,бала, сен өзің бірдеме екенсің! Мен не сөйлеймін, қалай сөйлеймін, өзім білемін. Вот шикі бала, өзіңнің басыңда бірдеңе бар ма өзі? Сенатор сөйлеп тұр!
         Сенатор досым  өкпеледі ғой деймін, микрофонды жерге тастай салды да, шығар есікке қарай беттеді. Алдынан жүгіріп шықтым.
         - Тыжеке, ашуыңызды басыңыз. Бірдеңе тойда бірдеңе деп бола ма?!
         Ол бірдеңе деді. Естімей қалып:
         - Тыжеке не дедіңіз? – деп сұрадым.
         - Бірдеңе! - деді ол қара сүліктей «Джипіне отыра беріп. Мен бірдеңе дей алмай қалдым. Не боп кетті өзі...
 

Той-думан » Әзіл-қалжың »