Қазақ тілім. өркенде /жүйелі сөз, жүйрік ой - құттықтау

Қазақ тілім. өркенде /жүйелі сөз, жүйрік ой

ЖҮЙЕЛІ СӨЗ, ЖҮЙРІК ОЙ
 
СӨЗ ТАПҚАНҒА ҚОЛҚА ЖОҚ
         Сөйлер сөзге, тілге адамзат сонау көне дәуірдің өзінде-ақ ерекше мән берген. Ғасырдан ғасырға жетіп, бірден-бірге ұласып жатқан ел аузындағы небір ғажайып аңыз, әңгімелер, көне мақал-мәтелдер, жазба деректер осының айғағы тәрізді. Қай  халықтың тарихына үңілсеңіз де, өнер алды саналатын қызыл тілге, шешендік өнерге байланысты небір керемет асыл сөздерді табасыз. Табасыз да сүйсінесіз.
Елдігін сақтағысы келген қай халық болмасын, ең алдымен, тілін сақтауға әрі ұрпақтан-ұрпаққа мұра  болып көшіп, мирас боп ұласып отыратын мәдени-тарихи қазынаны келер буынға қастерлеп, қасиеттеп ұзатып салатыны да мәлім. Төмендегі аңыз да осыны дәлелдейді.
“Тіл бас жарады, бас жармаса, тас жарады” деген тарих мақұлдайтын шындық бар. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев осы орайда мынадай аңыз әңгімелейді:
Сонау “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” жылдарында бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарапты, бір мерген он бес ауылды асырапты. Биеден бір сауғанда бір үлкен көнек сүт шығады екен. Иесі “көз тиеді” деп биесін сайдан-сайға жасырып сауады екен.
Бір күні бір сайда жасырып сауайын деп жатса, көз ұшында төрт кісі көрінеді. Келіп қалады-ау деп асығып сауа береді. Бірақ олар келгенше сауып бола алмапты. Кісілер келіп қалған соң, амалсыз түрегеліп, бір қара тасты алып, “тіл болсаң тасқа тіл” деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қояды.
-        Мана көз ұшында біз көргеннен биені сауып отыр едің, сонан бері биені сауып отырдың ба, жоқ, жай отырдың ба, біз тамаша қылып, білейік деп келіп едік, - депті.
-        Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы  иімей, жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға  иіді.
-        Бәсе, солай болар, манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық болды, - деп жолаушылар жүріп кетеді.
Кісілер кетісімен сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төрт бөлінген екен. “Адам тілі тас жарады, тас  жармаса, бас жарады” деген  содан қалған екен. Егер ол тасты салмаса, биеге кәрін салады екен.
 
СӨЗ   ҚАДІРІ
Өте ертеде бір қадірлі шешен қария келте дүниеден көз жұмарында қасына ұлын шақырып алып:
-        Балам, мен ұзамай дүние саламын. Әкем қазына қалдырмады деп қамықпа. Ел ішінде қалдырып бара жатқан асыл мұрам бар. Соны іздеп тап, қадірле, қастерле, - дейді. Мұны естіген бала әке мұрасын іздеймін деп табанынан таусылып, ел кезеді, таба алмайды. Ойы он саққа кеткен бала бір күні ел ішіндегі абзал қарияға келеді.
-        Әкеңнің сөзі рас, балам. Оның саған қалдырған мұрасы – тіл. Ол шешен адам еді ғой... Бәріміз сөйлеуді сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ, - деп аталы сөздің шешуін айтыпты.
 
БАСҚА ПӘЛЕ  ТІЛДЕН
Ертеде бір данышпан өмір сүріп, оның үш ұлы, бір қызы болыпты. Қызы да, ұлдары да ақылды болып, ер жетіпті. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Әкесі әбден қартаяды. Күндердің бір күнінде шал ұйықтай алмай, дөңбекши береді. Мұны сезген кемпірі мен қызы:
-        Сізге не болды, бір жеріңіз ауырып жүр ме, жоқ әлде алыс жүрген балаларыңызды сағынып жүрсіз бе? – дейді.
-        Иә, сағындым. Оның үстіне бір арманым ішімде кетіп барады.
Сонда қызы әкесінің алдына келіп:
-        Арманыңызды айтыңыз, мүмкін көмегіміз тиіп қалар, - дейді. Шал айтады:
-        Ешқандай құпия жоқ. Менің үш ұлымның үшеуі де ақылды. Сонда да біреуінің ақылы артығырақ болуға тиісті. Соны білу - менің арманым.
Қызы ойланып:
-        Ой, ата, осыған да қиналасыз ба? Қыдырып барып балаларыңызды сынап келіңіз, - деп қыз бен кемпір жол қамына кіріседі. Азығын, сусынын дайындап, атын ерттеп беріп, жолға салып жібереді. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, кім білсін. Бір күні үлкен ұлына жетеді. Баласы зор құрметпен қарсы алып, қолынан келгенінше сыйлайды. Екі-үш күн жатып мауқын басып, төртінші күні қайтпақшы болады. Баласы тағы да қой алдырып сойғызады. Тамақ піседі, етін қазаннан түсіріп қойып, нанын салып жатқанда, шал баласына қарап:
-        Қарағым, ана етіңнің жақсы жерінен бір кесіп берші, - дейді. Ұлы жақсы жері дәуде болса, санның еті шығар деп, сан етінен кесіп береді. Шал аздап ауыз тиіп, қойып қояды.
-        Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, - дейді. “Еттің де жаман жері бола ма?” – деп ұлы сәл ойланып тұрып, жаман жері дегені тіс өтпейтін сіңір шығар деп сіңірден кесіп береді. Сіңірді алып, аздап ауыз тиеді. Артынша тамақ та келеді. Тамағын жеп, сыйына риза болып, ел-жұртпен, баласымен қоштасып қайтады.
Данышпан жүріп отырып, екінші ұлына келеді. Екінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып сыйлайды. Әкесі қайтар күні бірінші ұлына қойған сауалын қояды. Екінші ұлы да бірінші ұлының істегенін қайталайды. Ол енді үшінші ұлына келеді. Үшінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды. Қайтар күні екі ұлына қойған сауалын кіші ұлына да қояды. Сонда кіші ұлы мұнда бір сыр бар шығар деп ойлайды. Сосын бастың тілінен кесіп береді.
-        Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, – дейді. Баласы тағы да тілден кесіп береді. Сонда әкесі:
-        Балам, мұның қалай, жақсы жерінен кесіп бер десем, тілінен кесіп бердің, жаман жерінен кесіп бер десем тағы да тіл бердің, - дейді. Баласы:
-        Ой, ата-ай, сіздің сынап отырғаныңызды біліп тұрмын. Жақсы да, жаман да, ұрыс та, керіс те, өсек те, бәрі де осы тілден шығады. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса, еш уақытта ұрыс-керіс болмас еді. Басқа пәле тілден, - деген екен. Қарт үшінші ұлының ақылдылығына өте риза болып қайтады.
 
СӨЗ  ҚҰДІРЕТІ
 
Елкей ханның әмірі жүріп тұрған заманда Оңғар деген әрі ақын, әрі жыршы кісі өмір сүріпті. Менмен хан бір жиында Оңғарды атымды  тұсап кел деп жұмсайды. Оңғар “бармаймын” деуге қатыгез ханнан қорқады. Атты тұсап болып, жоғары қарағанында қарақұстың ұясына көзі түседі. Ұядағы бір  балапанды қойнына тығып ала қайтады.
Қайтып келіп:
                            Ханеке, атыңызды тұсап келдім,
                            Бүгін бір мал баққанға ұқсап келдім.
                            Жарлыда жарылқайтын ештеңе жоқ,
                            Мінеки, балаңызға құс ап келдім, -
деп қойнындағы балапанды ханға ұсыныпты. Сөзден жеңілген хан ақыннан ат-шапан айып беріп құтылыпты.
 
СӨЗ   АНАСЫ  НЕ?
Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: “Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі”, - деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
Үргеніш шешені:
-        Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не? – деп сұрайды.
Сырым батыр:
-        Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ,
Жол анасы – тұяқ! – деп жауап береді.
 
ҚОНАҚ НЕШЕ ТҮРЛІ БОЛАДЫ?
Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:
- Е, Бөлен! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? – депті.
-        Е-е, шырағым, сұра! – депті Бөлен.
-        Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе, бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп: “Мынау тағы келе жатыр ма?” – дейді. Бұл неткені? – депті Асау.
-        Ол келіннің  ырысы кеткені, - дейді Бөлен.
-        Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. “Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?” -  дейді. Бұл неткені?
-        Ол балалардан ерік кеткені.
-        Бөлен! “Қонақ-қоңсы” дейді қазақ. Қонақ деген кім, қоңсы деген кім?
-        Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырумен келемін. Қоңсы деген мыналар, - деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне келіпті, барып амандасайық деп келеді.
-        Ал, Бөлен! Қонақ неше түрлі болады?
-        Қонақ төрт түрлі болады:
Арнайы қонақ,
Құдайы қонақ,
Қыдырма қонақ,
Қылғыма қонақ.
         Енді Бөлен Асаудан:
-        Жігіттің неше жұрты бар? – деп сұрайды.
-        Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын, - дейді Асау.
Қайын жұрты – міншіл,
Өз жұрты – күншіл,
Нағашы жұрты – сыншыл.
 
Сонда Бөлен:
-        Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол – елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді-ау! – депті.
 
 
 
БАЛДАН ТӘТТІ НЕ БАР?
Бауадат дейтін жігіттің сұрақтарына Назым деген қыздың берген жауаптары:
-        Балдан тәтті не бар, қылыштан өткір не бар?
-        Балдан тәтті бала бар, қылыштан өткір тіл бар. Удан ащы - әдепсіз адамның аузынан шыққан сөз бар.
 
АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ ЕРЖЕТКЕНІ БОЛАР
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, хан Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
-        Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
-        Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.
Малайсары жалт қарап:
-        Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без.
Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді.
-        Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар, - дейді Сырым.
-        Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, - деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.
 
АЛЫСТА  НЕ АЛЫС?
Байдалы қартайып үйден шықпай, күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
-        Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой! – дей беріпті.
Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
-        Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? – депті Байдалы.
-        Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілікпен алысып жатыр екен деймін-дағы, - депті Мұса.
-        Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші! – дейді қарт. Мұса “айтыңыз” деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:
- Алыста не алыс?
  Жақында не жақын?
  Тәтті де не тәтті? – дейді.
Мұса ойланып:
                   - Жер мен көктің арасы алыс,
                      Кісіге туыс жақын,
                      Бала тәтті, - депті.
Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
-        Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында ажал жақын, - депті.
 
ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН
Бір күні хан нөкерлерін ертіп, серуенге аттаныпты. Еріккен ханға ермек керек, қасына Жиреншені шақырып алып, сампылдап әңгімені соғып келеді. Күн желдеу болса керек. Бір адырдан аса бергенде, ханның алдынан жел қуған бір түп қаңбақ домалап, ұшып бара жатады.
-        Уа, Жиренше, анау қаңбақ қайдан келеді, қайда барады екен? Сұрап келші! - дейді хан.
Жиренше шауып ала жөнеледі: жетіп барып, қаңбақты қамшымен ұрып тоқтатып, біраз бөгеледі де, аздан кейін қоя беріп, ханға қайтып келеді. Жел қуған қаңбақ бөгелсін бе, домалай жөнеледі.
-        Ау, Жиренше, сөйлестің бе, не айтты қаңбақ? Қайдан келеді екен, қайда барады екен дөңгеленіп? – дейді хан.
-        Сөйлестім, тақсыр! Сөгіп салды өзімді! – деп жауап береді Жиренше.
-        Ал, айт, қаңбақтың не дегенін?
-   Тақсыр, соны сұрап не қыласыз. “Желдің өтінен шықтым, ығына қарай ығып барам: желге ұшам, сайға қонам, оның несін сұрайсың? Білмеуші ме едіңдер? Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұрата жіберген хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па?” деді де, қаңбақ ұша жөнелді, тақсыр, – дейді Жиренше.
Хан ұялғаннан ешнәрсе дей алмай қалыпты.
 
                                                  *   *   *    
Сырым батыр елден сырғып Хиуа хандығында жүрсе, бір той үстінде мақтанған Хиуа ханы Сырымға:
-        Қазақта ас-мас, ет-мет, жігіт-мігіт деген жалғама сөздер көп көрінеді, солардың мәнісі не? – деп сұрайды.
-        Сұрауыңызға тойдан кейін жауап берейін, - дейді Сырым батыр.
Тойда Сырымның аты бәйгеден келеді. Жолдасы палуан күресінде жығып, бәйге алады. Тойдың ойын-қызығы бітіп, жұрт тарқар алдында Сырым  ханның манағы сұрауына былай деп жауап қайырады:
-        Бізде той жасағанда жұртқа қой сойып – құйрық, жылқы сойып – қазы тартады. Сусынға қымыз береді. Соны “ас” дейді. Ал мынадай тастабаққа салып тартқан шөп-шалам мен сусынға берген шайды “мас” дейді. Сәйгүлікті сынайтын  жарыста озып келген жүйрікті “ат” дейді, артында қалған тұғырды “мат” дейді. Алқа топтың алдында палуанға түсіп, алып ұрған ерді “жігіт” дейді, жер қауып, жығылған еркекті “мігіт” дейді. Қазақтың “ас-мас”, “ат-мат”, “жігіт-мігіт” дейтін жалғас сөздерінің мағынасы осы, хан.
 
ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗ
Кезінде талай адамға жақсылық істеп едім. Не керек, соның бірде-бірінен қайыр-жақсылығымның қарызы қайтпады, - деп налыған бір адамға досы отырып:
-        Онда өкінетін ештемең жоқ екен, достым. Өйткені, біреуге қылған қайыр-жақсылық әлдебір алаяқ саудагердің несиеге беретін қарызы емес, адамшылықтың парызы ғой, - депті.
Досының бұл сөзінен ұялған әлгі адам содан былай өзгеге істеген жақсылығы жайында жұмған аузын ашпайтын болыпты.

Ана тілім - айбыным! » Соңғы қосылған дүниелер »