Түркі халықтарының Ислам дүниесіндегі орны


 

 

Исламият алып елдердің, мәселен Әмәуи (661-750), Аббаси (751-1258), Селжүк (1040-1157), Осман (1299-1922) патшалықтары сықылды әлемдiк мемлекеттердің ресми дiнi болған дәуiрде, азат етiлген немесе олжаланған өңiрлердiң тұрғындарын жаппай дiнге енгiзу яки мұсылман болуға зорлау уақиғалары байқалмайды. Әуелi, ғайримұслимдерді мұсылмандандыру туралы қажеттiлiк һәм мемлекеттік саясат болмаған секілді. Бодандар мен қамқорлыққа (вассал) алынған елдерге толық еркiндiк берiлген. Ислам билiгiндегi жөһит, несториан, православ, католик, бұдда дiндерiнiң мансұбтары шат-шадыман өмiр сүрген, олар дiни-рухани өмiрiнiң ең гүлденген дәуiрiне мұсылмандардың жанашырлығының арқасында жеткен. Мисалы, сан ғасырлар бойы Османияның билiгiнде болған Грекия, Бұлғарыстан, Мажарыстан, Сербістан, Рұмыныстан, Әрмәния, Гүржістан (Грузия) сықылды мемлекеттер; Африкадағы мұсылман билеушiлердiң құзырында болған халықтар; Моғолдардың иелiгiнде болған Үндiстан халықтары өз дiнiнен аластатылған емес. Олардың өз дiнiн, тiлiн, әлiппесiн һәм ежелгi салт дәстүрiн емiн-еркiн сақтап келгенi айқын.

Мәзкүр (аталмыш) елдерде Исламияттың жайылуы ғасырларға созылған табиғи барыстардан (процесс) кейiн, яғни қабылдаушы адамдардың өз ықтиярымен болғаны байқалады. Мұсылман билеушiлердің әдiлеттiлiгiн көрiп, осы дiннiң мансұбтарының таң қаларлық сипаттарымен танысқан басқа дiн уәкiлдерi аралас-құралас мұсылман қоғамдарын қалыптастырған. 1372 ж. қайтыс болған Ибни Кәсiрдiң “әл-Бидая уән-Ниһәя” атты кiтабында айтуына қарағанда, Мұса Нұсайырұлы Солтүстiк Африка аймақтарын мұсылман билiгiне қосқаннан соң, жергiлiктi халықтар еркiнше иман келтірген /[1]/. Түркiстан өңiрiне Ислам билiгiн әкелген басшылардың аса даңқтысы, ақылгөйі һәм мұжаһиді Ғазы Құтайба Мүслiмұлы едi. Аталмыш кiтаптың 167-бетiнде Ибни Кәсiр былай дейдi: “Құтайба Мүсiлiмұлының еңбегiмен шексiз көп адам мұсылман болды, олардың дәл санын Аллаһ Тағала ғана бiледi!” /[2]/.

Әсiресе, X-ғасырда мұсылманшылықтың толқын-толқын таралғаны байқалады. Со кездегi Орта Азия тұрғындарының лек-лек болып Исламға қосылғаны тарихи әдебиеттерде баяндалады. Мәселен, 960 ж. 200 мың шатыр (үй/түтін) түркi халқы Ислам дiнiн қабылдаған. Ұзақ саны 2 миллионға жететiн осы көпшiлiктiң мұсылмандыққа кiруi бәшәриет уә түркi халықтарының тарихындағы аса iрi уақиға. 1232 ж. қайтыс болған көрнектi тарихшы Ибн әл-Әсир осы уақиғаны қысқа һәм нұсқа ғып келтiрген; “Түрiктерден екi жүз мың шатыр адам мұсылман болды!” /[3]/.

Шындығына келгенде, Әмәуи дәуiрiнде басталып, Аббаси дәуiрiнде кемеліне жеткен түрiк қуаты, түрік факторы 10 ғасырдан астам уақыт Исламияттың қызметшiсi һәм қылышы болғаны хақ /[4]/. Ислам дiнiнiң осы күнгi жағырапияларға таралуында, ғылым-бiлiм, техника, өнер салаларындағы теңдессіз туындыларда түркі халықтарының үлесi мұғаззам (аса зор). XXI-ғасырға қадам басайық деп тұрған шақта, түркiлердің Ислам үмбетiнiң құрамындағы және халықаралық аренадағы маңыздылығының тағы да өсiп келе жатқанын байқаймыз. Иә, осы түркі халықтары құрған мемлекеттер мұсылман үмбетiнiң басын қосқан, бiр билiкке ұюына атсалысқан, Қытай мұхитынан Әндүлүске, яғни Атлант мұхитына дейiнгi шетсiз-қиырсыз аумақтағы мұсылмандардың бiртұтас сипаттарға ие болуына қызмет еткен-ді.

Пайғамбарымыздың замандас түрiк қағандығы және түрiктер туралы хабардар болғаны, хатта түрiктер хақында хадистер айтқаны көптеген әдебиеттерде келтiрiледi. Жоғарыдағы тарауларда көрсетілген “Түрiктер сендерге тиiспесе, сендер де оларға тиiспеңдер!” сықылды хадистер осының айғағы болса керек /[5]/.




Скачать