Халел Досмұхамедұлы - Мұрат ақын шығармаларын жинаушы һәм зерттеуші реферат


 

Алаш қайраткерлері ұлтымыздың рухани мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде маңызды істер атқарғаны белгілі. Олардың бұл саладағы аса нәтижелі жұмыстары – осы халық үшін маңызды мәселенің бастауында тұрғандығымен де бағалы. Айталық, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиеті үлгілерін, Мағжан Жұмабаев Базар жырау, Ақан сері мұраларын, Мұхамеджан Тынышбаев қазақ тарихына қатысты деректерді жинап, зерттегені, жариялағаны бүгінгі күндері көпшіліктің игілігіне айналып отыр. Алаш зиялылары ұлттың саяси бостандығы мен азаттығы жолында күреске шыға отырып, халықтың рухани болмысын түгендеуді де ұмытқан емес. Өйткені, біздің ойымызша, қандай халық болмасын өзінің мәдени-рухани дүниесін дамытпай, өркендеу жолына түсе алмайтындығын ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері өте жақсы түсінген. Алайда, олардың алған білімдері филологиямен, тарихпен немесе өнертанушы сияқты мамандықтармен байланысты болмаған.

         Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, Батыс Алашорда жетекшісі Халел Досмұхамедұлы Әскери-медициналық академияны алтын медальмен бітірген. Мамандығы – дәрігер. Соған қарамастан ол қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін құнды бірқатар еңбектер тындырды. Атап айтқанда, ол «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк», «Самарқан шаһарындағы «Тіллә-кәри» және «Ширдар» медреселерін салдырушы Жалаңтөс батырдың шежіресі», «Бұхарадағы Көгілташ медресесінің салынуы туралы әпсана», «Қазақ-қырғыз комиссиясынан», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы туралы қысқаша мағлұмат», «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингормонизм заңы», «Мұрат ақынның сөздері» сияқты күні бүгінге дейін деректік мәнін жоймаған еңбектер жазды. Бұл еңбектерді 1923-1928 жылдары жазды. Бұл кездейсоқ емес. Алаш зиялыларының мәдениет, әдебиет, тіл, тарих, ғылым салаларындағы еңбектерінің басым көпшілігі осы кезеңде жазылған екен. Оның себебі советтік диктатура кешегі Алаш қозғалысы жетекшілерін өз билігінен шет қалдырған соң, олар қалайда болсын ұлт мүддесі үшін қызмет етуді үлкен борыш санап, ендігі жерде ғылым, ағарту салаларына атсалысты. Осындай жағдайдан барып, Халел Досмұхамедұлы табиғаттану, Мағжан Жұмабаев педагогика, Міржақып Дулатов математика, Жүсіпбек Аймауытов психология, Телжан Шонанұлы әдістеме, Қошке Кемеңгерұлы жер шаруашылығы, Мұхамеджан Тынышпаев тарих оқулықтарын жазды. Бұлардың қай-қайсысы да аталған салаларда тұңғыш деген атқа ие.

         Алаш қозғалысы қалыптастырған зиялылардың ішінде Халел Досмұхамедұлының қайраткер ретінде де, қаламгер ретінде де орны алабөтен. Ол сонау 1905 жылдан бастап Алаш қозғалысының басы-қасында жүрді. 1905 жылы Орал қаласында бес облыс өкілдері жиналған Қазақ конституциялық-демократиялық партия құру жиналысына қатысқан он сегіз жасар Халел ісімен де, сөзімен де туған халқына қызмет етіп өтті. Халел күрескерлік жолмен ел арасында жүріп, көнеден қалған мұраларды жинауға белсене кірісті. Оның осы саладағы еңбектері кейінгілерге дерек көзі ретінде мол пайдасын тигізді. Х.Досмұхамедұлының осындай маңызды еңбектерінің бірі – қазақ әдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі – Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығымен байланысты. Ол 1924 жылы Ташкент қаласында «Мұрат ақынның сөздері» деген атпен жинақ шығарды. Бұл жинаққа өзі алғысөз жазды, ақын шығармаларында кездесетін тарихи атауларға, ру аттарына, топонимикалық атауларға, көне сөздерге түсініктер берді.




Скачать