Алаштың Астанасы және ұлттық идея


ХV ғасыр ортасында шаңырақ көтерген Қазақ мемлекетінің күні бүгінге дейін сабақтастығы мен жалғастығы үзілмеген төл тарихы әлденеше Астананы аспандатқаны ұлттық санамызда, бабаларымыздан жеткен рухани мұрада өшпес із қалдырды. Бастау-бұлағына көз жіберсек, бұл әріден келе жатқан дәстүр екен. Елорданы қастерлеудің тамаша үлгісін Күлтегін тасындағы Өтікенге арналған жазудан, Асан Қайғының Жерұйықты іздеуінен көре аламыз. Байырғы түркілер де, олардың заңды мұрагері қазақтар да мемлекеттің Астанасын елдік тірегі, үйлесім мен бірліктің ұйытқысы, ақыл-ой мен күш-қайраттың қайнар бұлағы ретінде қабылдаған ғой.
Үш ғасырға жуық созылған отарлау,  тоталитарлық  модернизация  мен зорлық Елордаға қатысты қастерлі ұғым-түсініктердің, жөн-жоралғының, салт-сананың сайын даламыздағы құндылықтарын аяусыз шайқалтқанымен, түбегейлі жойып жібере алмапты. Олар мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланған сәттен бұрқ етіп сыртқа шықты. Елордасын бас-аяғы 10 жыл ішінде бұрын-соңды қол жетпеген биікке көтере алған халық, оған барша әлемнің назарын аударта білген халық, жатқа телмірген жадағай қаланы Қыз Жібек пен Баян сұлудың моншағындай ару шаһарға айналдырған халық, түптеп келгенде, мәңгі ел ұстайтын мәңгі халық екенін бүгінде қапысыз дәлелдеді.
Мықтылардың әлсіздерді өзіне қаратып алуының әлемдік тәжірбиесіне көз жүгіртсек, бодан елдің бостандыққа шығуы, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі ешқашан оңайға соқпаған. Миллиондардың қанын мойнына артқан кеңестік тоталитарлық жүйені былай қойғанда, өзін өркениетті, ізгілікті санайтын Еуропаның Англия, Франция, Португалия сияқты отарлаушылары Индиядан, Алжирден, Египеттен айрылмау үшін небір құйтырқы саясатқа, зорлық-зомбылыққа барғанын қария тарих жақсы біледі. Ендеше, баршаға жайлы жаңа тұрпаттағы қоғам орнатуға уәде бергенмен, діттеген мақсатына жетпей, айықпас қайшылықтардан  титықтағанына қоса  қатыгездігі шектен шыққан КОКП мен Кеңес Одағы уысынан аман-есен босағанымыз – біріншіден, тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы құрбандықтардың өтеуі екені күмәнсіз.




Скачать