Қазақтың ас беру дәстүрі: әлеуметтік-саяси қызметі (XVIII–XIX ғғ. деректері бойынша)


КІРІСПЕ 

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ қоғамының әлемдік тарих үрдісінің бір саласы ретінде өзінің өткенінде жүйелі ой елегіне түспеген, зерттелмеген, зерттелсе де біртекті бағасына ие бола алмаған құбылыстары мен оқиғалары көп-ақ. Соның ішіндегі маңыздыларының бірі-қазақтың өлген адамды шығарып салуға байланысты қалыптасқан жылға созылатын уақыттық-межелік ырым-жоралар жосынының аяқталу кезеңін білдіретін - ас беру дәстүрі. 

Ас беру дәстүрінің қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, рухани қатынастар жүйесіндегі атқаратын функционалдық қызметі әр кезеңдердегі тарихи-этнографиялық, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет пен көркем шығармаларда көбінесе отбасылық салт-дәстүрлер мен діни ғұрыптық жоралар жосындарының ішінде ат үсті ғана қаралып, арнайы зерттеу тақырыбы ретінде қаралмағаны белгілі. Көпшілік еңбектерде белгілі бір астардың көлемі, асты өткізу тәртіптері, ондағы орындалатын әртүрлі салт-дәстүрлік шаралар мен діни ғұрыптық жоралардың өткізілу (бәйге, балуан күресі, айтыс, жамбы ату, тұл аттың сойылуы, септің таратылуы, қаралы тудың сындырылуы т.б.) ретін суреттеу сияқты астың сыртқы формасын бейнелейтін деректердің тіркелуі басым. Ал астың қоғамдық қатынастарды реттеушілік әлеуметтік-саяси институционалдық рөлі жеке зерттеу тақырыбы ретінде әлі күнге дейін мүлде қаралмаған десе де боларлық.

Дәстүрлі қазақ қоғамының көп қырлы тіршілік қалыбының жоғары өркениеттілікке тән әлеуметтік-саяси ұйымдасу санаты жоғары дәрежеде болып, үйлесімді өмір сүруінің бұлжымастығын қамтамасыз ететін экономикалық-саяси, әлеуметтік және құқықтық қатынастар нормаларының жиынтығы болды. Өйткені салт-дәстүр дегеніміз адам қажеттілігін өтейтін барлық материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтардың тоғысы. 
Оның ішінде әсіресе қай халықта болмасын өлген адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері–уақыт тезіне көне бермейтін, ғасырлар бойы өзгеріске ұшырай қоймайтын белгілі бір әлеуметтік-қоғамдық көзқарастардың, идеялық нормалардың ең бір консервативті түрі болып табылады.

Қазақ халқының да өлген адамға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәртібі, белгілі бір табиғи-экологиялық кеңістікті игеру жолында қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, саяси жүйелердің жиынтығы ретінде этнография ғылымының ең өзекті мәселелерінің бірі десек артық емес. Оның ішінде, әсіресе өлген адамды шығарып салуға байланысты ғұрыптық циклдің қорытынды нүктесін қоятын ас беру дәстүрінің маңызы зор. Бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің өзіндік ұлттық-мемлекеттік идеологиялық тұғырнамасын жасау, қалыптастыру мен дамытуда сан мың жылдар белесінен бүгінгі күнге дейін мазмұнын жоғалтпай жеткен, ұлттың ұжымдық ұйтқысының негізі болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып заңдарының танымдық, тәрбиелік және құқықтық мәні бар белгілері негіз болуы шарт. 

Қазіргі уақытпен ежелгі көшпелілердің арасының алшақтығына қарамастан, ас беру дәстүрі әліде ел арасында өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тіпті жалпы көшпелі өркениеттің күйзеліске ұшыраған уақыты XVIII-XIX ғғ. да ас беру дәстүрі қоғамдық қарым-қатынастардың жойқын реттегіш мәнде болды. 1991 жылдан бері тәуелсіз Қазақстанда әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген елге сіңірген қызметі ұмыт болған қоғам қайраткерлеріне көптеген астардың берілгені белгілі. Бұл тек дәстүр жаңғырығы ғана емес, қазақ қоғамында ас беру дәстүрінің қоғамдық реттегіш қызметіне бүгінгі күні де сұраныстың жоғалмауының белгісі. 
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Дәстүрлі қазақ қоғамының өмір сүру қалыбын ішінара жан-жақты сипаттауға ұмтылған салмақты зерттеу жұмыстары XVIII ғасырдың екінші жартысында басталды. Бұл зерттеулердің қазақтың көшпелілік дәстүрлі құрылымына берген бағасын дәл анықтау тарихнамалық еңбектердің басты мақсаты. Бұл салада Қазақстан ғалымдары тарапынан қол жеткен жетістік аз емес.

XVIII-XIX ғасырларда Ресейдің қазақ даласын отарлау кезеңіндегі әртүрлі шараларды іске асыруға бағытталған көптеген империялық әскери-азаматтық, дипломатиялық мекемелердің қызметі (әртүрлі мақсаттағы негізінен әскери экспедициялар, әскери-азаматтық басқару органдары) мен жекелеген чиновниктердің қағаз бетіне түсірілген жазбаларының тарихи-деректік құндылығы басым. Осы кезең зерттеушілерінің өкілдері эмпирикалық мәліметтерді көбірек жинауға ден қойды десек артық айтқандық емес. Осы зерттеушілердің қай-қайысы да қазақ өмірін, тілін жақсы білгендіктен еңбектерін ел арасынан өздері жинаған мәліметтер негізінде жазған. Олардың барлығында қазақтың ас беру дәстүрінің әдеттегі өлген адамды шығарып салуға байланысты орындалатын діни ғұрыптық салттан өзгеше қоғамдық мәні аса жоғары халықтық жиын екеніне назар аударылған. 




Скачать