Қазақстанда индустрияландыру


Қазақстанда индустрияландыруға бағыт алу. 1925 ж. желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде Кеңестер Одағын индустрияландыру бағыты белгіленді. Капиталистік шаруашылықтан ерекше, елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, өзіндік машина, станок жасау, металлургия, химия, қорғаныс және басқа да ірі өнеркәсіптері бар жүйе құру қажет делінді.

Шаруашылықтың барлық салаларын соның негізінде техникалық қайта жасақтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін бүкіл экономиканың негізі ретінде ең алдымен ауыр өнеркәсіпті дамыту, оның шаруашылықтағы жетекшілік рөлін бекіту арқылы шет елдермен экономикалық жарыста озып шығу мақсаты қойылды.

Бұл сол кездер үшін дұрыс, бірақ күрделі мақсат еді. Кеңестер Одағы көлемінде бұл бағытта біршама жетістікке қол жеткізілді. Бірақ оның біржақты жүргізілгенін, дәлірек айтқанда, ұлттық аймақтарды, соның ішінде, әсіресе, Қазақстанды патшалық билік кезіндегідей шикізат көзі дәрежесінде қалдырғанын көреміз.

1925 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың қыркүйегі арасындағы үш жылда өнеркәсіп салу ісіне 3,3 млрд сом қаржы жұмсалды. Ол орасан зор қаржы негізінен алғанда Ресей аумағындағы ескі өнеркәсіп орындарын қайта жөндеу мен жаңа қуатты зауыт-фабрикалар, су-электр станцияларын жасауға жұмсалды.

Соған қарамастан Қазақстандағы индус­трияландыру ісі патриархаттық-феодалдық қатынастарды, яғни дәстүрлі шаруашылық жүйесін біржолата жою, феодализмнен капитализмге соқпай социализмге жедел қарқынмен өту сияқты ұрандармен басталды.

Жерді қайта бөлу, мал-мүлікті тәркілеу, күштеп ұжымдастыру әрекеттері осылайша жаңа науқанмен ұласты. 1926 ж. 27—30 сәуірде сол кездегі республика астанасы Қызылордада өнеркәсіптің дамуы мәселесіне арналған арнайы өлкелік мәжіліс өткізілді.

Онда Қазақстанның орасан зор табиғат байлығы атап өтіле отырып, зерттелмеген аймақтардағы қазба байлықтарын кең түрде барлау қажеттігі көрсетілді. Қазақ АКСР-нің ХШК (Халық шаруашылығы кеңесі) мен Мемлекеттік жоспарлау Комитетіне республиканы өнеркәсіптік аудандастыру мен өнеркәсіптің, ең алдымен түсті металлургияның дамуының перспективалық жоспарын жасау тапсырылды.

Кеңесте сондай-ақ Қазақ АКСР-ы жағдайында “әсіресе жер және мал шаруашылықтарымен тікелей байланысты жергілікті өнеркәсіпті кең түрде өрістету” өмірлік қажеттілік ретінде атап көрсетілді. Осы негізде өңдеу өнеркәсіптерінің тері, май, ұн, тұз өндіру, балық аулау сияқты салаларының даму жолдары айқындалды.

Байқап отырғанымыздай, басты назар патша заманындағыдай тау-кен ісі мен өңдеу өнеркәсібіне аударылған екен. Демек, пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін орталықтағы ірі кәсіпорындар үшін өндіру басты міндет ретінде белгіленді. Бұл Қазақстандағы индустрияландыру ісінің отаршылдық, дәлірек айтқанда, шикізат көзі ретінде орталыққа қызмет еткізу бағытында басталғанын көрсетеді.




Скачать