Қыпшақ дәуіріндегі Қазақстан


Қыпшақ хандығы (11 ғ.б.-1219 ж.). "Қыпшақ" атауы 760 ж. ежелгі түркінің руна ескерткіштерінде аталады. Араб географы Ибн хордадбехтың (9 ғ.) түркі тайпаларының тізімінде көрсетілген. 656 ж. Батыс түркі қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір топтары кимектердің басшылығымен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талаптары сәтсіз болып, 9-10 ғғ. Қимақтар тарихымен бірге болды. Қыпшақтар қимақ қағанатына саяси тәуелді болды. 11 ғ. басында қимақ қағанаты тарағаннан кейін, кимек, қыпшақ және куман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Олар Сырдың орта және төменгі бойларынан, Арал мен Каспий өңірі далаларынан оғыз жабғыларын ығыстырады. Енді "Оғыздар даласы" (Мафазат әл-гуз) орнына Дешт Қыпшақ (Қыпшақ даласы) атауы пайда болады. 11 ғ. ортасында қыпшақтар Еділ бойымен, батысқа қарай жылжиды. Ертістен Днестрге дейінгі бүкіл аридтік зонаны алып жатқан Дешті Қыпшақтың тарихи-географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы екі үлкен этникалық -территориялық бірлікке бөлуге болар еді: басында Тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті тұрған Шығыс Қыпшақ қағанаты. Оның даму жолы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең: қимақ тайпалық бірлігі өзегінің құрылуына байланысты, онда 7 ғ. 2 жартысынан бастап, 8 ғ. соңына дейін қыпшақтар елеулі роль атқарады. Осы кезеңде қыпшақтар мен теле тайпалары өзара тығыз этникалық-мәдени байланыста болып, жақындасып кетеді. Екінші кезең - 8 ғ. соңынан 11 ғ. басына дейін. Қыпшақтар бұл кезеңде, шығысында Алтай мен Ертістен бастап, батыстағы оңтүстік Орал таулары мен Еділ бойына жетеді. Қыпшақтармен бірге Батыс Қазақстанды, орталыпы Мұғаджар тауларында болған кумандар жайлайды. Негізгі үш этникалық-саяси бірлестік -қимақтар, қыпшақтар мен кумандар өзара бір-біріне ықпал етті. Сондай-ақ теле, угро-финн, сармат-алан сияқты этникалық компоненттерде қыпшақтана бастады. Қыпшақ этносы қандас туыстар байланысы емес, территориялық-шаруашылық қарым-қатынасы принципінде біріккен, көптеген рулар мен тайпалар негізінде құралды.




Скачать