Бөгенбай батыр


Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда Бөгенбай батыр қамал бұзар қайратымен көзге түсті. Олжабай, Қабанбай, Малайсары секілді дарабоздармен қоян-қолтық Көксерке атын борбайлап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы талай қанды айқастарға қатысты. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. 1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген онсон қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды.

XVIII ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары Бөгенбай батыр, көрші елдермен келіссөздер жүргізу мәселесіне етене араласқан. Оның Кіші жүз елімен жиірек қатысуында да бір мән бар. Біріншіден, орыс әкімшілігі арқылы қалмақ-башқұрт елдерінде тұтқында жүрген сарбаздарын қайтарып алу мәселесі болса, екіншіден, Ресей патшасымен одақ құрудың келешегі қалай болар екенін бағдарлау. Бұл тұста қазақ елінде іргелі хан ретінде Әбілқайыр ғана белгілі еді. Оның орыс әкімшілігімен жүргізіп жүрген келіссөздері бірде нәтижелі, бірде аяқсыз қалып келе жатқанын Бөгенбай батыр секілді қолбасшылар бақылап отырды. Бұл кездің тағы бір ерекшелігі – ел ішінен жиналған саңлақ сарбаздарды халық арасында абырой-беделі бар батырлар басқарды. Қолбасы батырлар халықтың ұлы жиын, үлкен кеңесінде жалпы бұқараның ұсынысымен тағайындалды, осындай кеңесте 1710 жылғы Қарақұмда Бөгенбай батырды бүкіл халықтың қалауымен қазақ жасақтарының қолбасы етіп сайлайды. Осы жасақтар әзірлігінің арқасында, қару-жарағы мол жоңғар әскерлеріне тез арада ойсырата соққы беріп жүрді.




Скачать