Қазақстанның ғылымы және ғылыми мекемелері


     Ғылым және ғылыми мекемелерi. Қазақстанда ғылыми ой-пiкiрдiң тууы ежелгi замандардан бастау алады. Археол. зерттеулер мен жазба деректер бiзге Жетiсуда, Орт. және Шығ. Қазақстанда 6 — 8, 9 — 11 ғ-ларда-ақ болған ежелгi қалалар мен қоныстар мәдениетi туралы деректер бередi. Бұл мәдениеттiң иелерi өз көркемөнерiн, қолөнерiн және жазуын жасаған жергiлiктi түркi тайпалары: оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар едi. Орта Азия мен Қазақстанның 8 — 11 ғ-ларда араб халифатына кiруiне байланысты өлкеде ислам дiнi таралып, мәдени өмiрде араб мәдениетiнiң ықпалы күшейе түстi. Бат. Еуропадағы латын тiлi сияқты араб тiлi халифат аумағында халықар. әмбебап тiлге айналды. Алайда жергiлiктi мәдениет пен тiл сақталып қалды.

 

    Араб мәдениетiн жасауға және дамытуға халифаттың бiр кездегi арабтар жаулап алған елдерiнен шыққан көптеген талантты ғалымдары барынша белсене қатысты. Орта ғасырлардағы қалалар өздерiнiң базарларымен және қолөнершiлерiмен ғана емес, сонымен бiрге ақындарымен, ғалымдарымен, суретшiлерiмен, бай кiтапханаларымен, оқу орындарымен де дүние жүзiне мәлiм болды. Қалалардың арасында Үндiстан мен Қытайдан Еуропаға қатынайтын “Жiбек жолы” деп аталатын сауда керуен жолының геогр. және экон. жағынан аса маңызды торабында, Орта Азия мен Қазақстанның отырықшылық-егiншiлiк аудандарының түйiскен жерiнде орналасқан Отырар (Фараб) қ. ерекше көзге түстi. Отырар кiтапханасы қолжазба кiтап қорының байлығы жағынан Египеттегi Александрия кiтапханасынан кейiнгi аса iрi кiтап қоймасы болды. Отырарда ұлы ғалым Әбу Наср әл-Фараби дүниеге келдi. Ол аса зор ғыл. мұра — жүзден астам iрi еңбектер қалдырды. Орта Азия мен Қазақстан қалаларынан Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Абдаллаһ әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Жафар ат-Туси, Рудаки (860 — 941) және басқа көптеген ғалымдар шықты. Хорезмимен бiрге әйгiлi астрон. кестелердi жасауға қатысқан астроном әрi математик — Ғаббас әл-Жәуһари (9 ғ-дың 1 жартысы), сондай-ақ, оның замандастары — Ысқақ әл-Фараби және 40 мың сөзден тұратын араб тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiн жасаушы Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби танымал болды.

 

    Ертiс жағалауында қимақтар арасынан географ әрi тарихшы Жанах ибн Хақан Қимақи (т.-ө. ж. белгiсiз) шықты. 10 — 11 ғ-ларда қазiргi Қазақстан аумағында өмiр сүрген Қарахан әулетi мемлекетiнде тамаша ақын әрi ойшыл Жүсiп Баласағұни өз шығармаларын жазды, оның 1069 ж. жазылған “Құтадғу бiлiк” кiтабы дүние жүзiнiң көптеген елдерiне тарады және оны ғалымдар бүгiнге дейiн зейiн қоя зерттеуде. Ортағасырлық өркениеттiң дамуында Ежелгi Грекия мәдениетiнiң елеулi ықпалы болғаны сөзсiз. Шығыстың озық ойшылдарының ғылым мен мәдениетке қосқан баға жетпес үлесiн сол кездiң өзiнде-ақ Еуропа ғалымдары да мойындаған болатын, мұны 10 — 12 ғ-ларда Шығыс ғалымдары мен ақындары кiтаптарының Францияда, Италияда, Испанияда және Еуропаның басқа да елдерiнде аударылып кеңiнен таралғандығы да дәлелдейдi. Олар: Ибн Синаның (Авиценна) “Медицина каноны”, әл-Хорезмидiң “Алгебрасы мен теңдеуi”, Ибн Рушдтiң (1126 — 98), т.б. еңбектерi. Орта Азия мен Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттiң 9 — 11 ғ-лардағы дамуы туралы айта келiп, орыс шығыстанушысы Н.И. Конрад ғыл. тәжiрибеге “Шығыстың дәуiрлеуi” деген терминдi енгiздi. Қазiргi Қазақстан аум-нда ғылым мен мәдениет қарама-қайшы және шектеулi түрде дамыды. Бұл өлкенiң Жоңғар және басқа сұрапыл шапқыншылықтарға ұшырауы оның жағдайын мүлде қиындата түстi. 16 ғ-дағы ғалым Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашиди” деген еңбегi нағыз шыншыл да айқын шығарма болды, оның мәнi күнi бүгiнге дейiн жойылған жоқ. 17 ғ-дағы автор — Қыдырғали Жалайыридiң “Жамиғ ат-Тауарих” деген шежiрелер жинағы да назар аударарлық бiрегей еңбек, бұл жинақ 13 — 15 ғ-лардағы қазақ халқының тарихы мен этнографиясының аса қызғылықты деректемесi болып табылады және ол қазiргi қазақ тiлiне өте жақын тiлде жазылған.

 

    17 ғасырдың соңы — 18 ғасырдың басынан бастап Ресейдiң және Батыс Еуропаның бiрқатар елдерiнiң ғалымдары Қазақстан аумағы мен халқын, оның тарихын, мәдениетiн, тұрмысы мен салтын зерттей бастады. Осы өлкенi алғашқы зерттеушiлердiң бiрi орыс картографы С.У. Ремезов болды, ол “Сiбiр халықтары және олардың шекаралары туралы сипаттама” деген еңбек жазып қалдырды. 18 ғ-дың алғашқы ширегiнде Қазақстанда И.Д. Бухгольцтың (т.-ө. ж. б.), С.Лихаревтың, И.Унковскийдiң (т.-ө. ж. белгiсiз) және басқа ғалымдардың экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Олар Ертiс өз-нiң алабын Зайсан к-не дейiн, Тарбағатай тауының және Жетiсу Алатауының сiлемдерiн зерттедi. А.Бекович-Черкасскийдiң ғыл. экспедициясы Арал т-н және Каспий т-нiң аумағын картаға түсiрдi, сондай-ақ қазақ халқы туралы кейбiр этногр. мәлiметтер жинады. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейiн (1731) оны ғыл. тұрғыда зерттеу iсi неғұрлым кең түрде және жедел қарқынмен қолға алынды. 1725 ж. құрылған Ресей ҒА Қазақстан өлкесiн геогр., геол. және этногр. тұрғыда зерттеу үшiн 1733 жылдың өзiнде-ақ экспедиция ұйымдастырды. 1733 жылдан 1771 жылға дейiн Бат. Қазақстанға академияның көптеген экспедициясы келiп қайтты, бұл экспедицияларды С.П. Крашенинников (1711 — 1755), И.Г. Гмелин (1709 — 1755), И.И. Лепехин, П.С. Паллас, И.П. Фальк, П.И. Рычков, т.б. басқарды. Орынбор тұрақты экспедициясы құрылды, оған И.К. Кирилов, П.И. Рычков, В.Н. Татищев (1686 — 1750) сияқты белгiлi орыс ғалымдары жетекшiлiк жасады. “Ерте заманнан бергi Ресей тарихы”, т.б. еңбектерiнде В.Н. Татищев қазақтардың тарихына зор көңiл бөлдi, олардың этногр. тегi, тұрмысы, мәдениетi мен әдет-ғұрпы жөнiндегi мәселелердi тұңғыш рет ғыл. әдебиетте баяндауға талпынды. Рычков, Паллас, И.И. Георги, Фальк, И.Г. Андреев, Г.И. Спасский, Н.Я. Бичурин, С.Б. Броневский, В.И. Даль (1801 — 1872), А.И. Левшин өздерiнiң еңбектерiнде қазақтардың тарихын, материалдық және рухани өмiрiн егжей-тегжейлi баяндады. Өлке тарихына декабристер, сондай-ақ орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де зор көңiл бөлдi. Қазақтардың тарихы жөнiнде “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген (1832) үш бөлiмнен тұратын тұңғыш iргелi еңбек жазған А.И. Левшиндi Ш.Ш. Уәлиханов қазақ халқының Геродоты деп атады, ал оның монографиясын ғылым үшiн қымбат қазына деп бағалады.

 

    Белгiлi орыс ғалымдары П.П. Семенов-Тян-Шанский, Н.М. Пржевальский, Г.Н. Потанин өлкенi зерттеуге ғана емес, сонымен бiрге Қазақстанда 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың басында демокр. ғыл. ойдың қалыптасуына да зор үлес қосты. Осы аса iрi ғалымдар, сондай-ақ В.В. Григорьев, Н.Ф. Костылецкий, Е.П. Михаэлис, П.Е. Маковецкий, А.А. Блек қазақтың ағартушы-демократтары — Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардың рухани өсiп-толысуына тiкелей ықпал еттi. Ресей Федерациясының шалғайдағы отары — Қазақстан 20 ғ-дың басында бiрте-бiрте капиталистiк қатынастар аясына тартыла бастады. Алайда патриархаттық-феод. қатынастардың үстемдiгi, патша өкiметiнiң езiлген халықтарды әдейi мешеулiк пен қараңғылықта ұстаған отаршылдық саясаты, шын мәнiнде, қазақтарды әлеум. және ұлттық прогреске жеткiзетiн жолды жауып тастады. 20 ғ-дың басында қазақ балаларының басым көпшiлiгi әрi дегенде тек ауыл медресесiнде ғана оқи алды, мұндағы оқу балаларға дiни аяттарды жаттатумен ғана шектелдi. Қазақ жерiнде 1916 ж. қарсаңында небары бiрнеше орыс және орыс-қазақ мектебi ғана болды. Оларда 19370 қазақ баласы оқыды. Ресей ҒА-ның, басқа ведомстволардың ғалымдары Бат. Қазақстанға ара-тұра келiп қайтқанына қарамастан Қазақстан тұтас алғанда 1917 ж. Қазан төңкерiсiне дейiн ғыл. тұрғыдан терең зерттелмей жатты, ал оның қойнауы табиғи шикiзат қорларына бай болатын.




Скачать