Рибосомалар


Рибосомалар

 

Рибосомалар пішіні 20х30 нм денешіктер. Олар үлкен және кіші – екі суббірліктерден түзілген. Әрбір суббірлік рибонуклеопротеидтерден, яғни рибосомалы РНҚ (рРНҚ) мен әр түрлі құрылымды ақуыздардан тұрады. Рибосоманың үлкен суббірлігінде ақуыздың 40 түрлі молекуласымен біріккен рибосомалы РНҚ-ның 3 түрлі молекуласы болады. Ал кіші суббірлік ақуыздың 33 молекуласы мен 1 молекула рибосомалы РНҚ-дан құралған. рРНҚ ядрошықтың хромосомдар ілгегінде синтезделеді. Рибосомалар кариотека саңылаулары аймағында жинақталады.

Рибосомалардың негізгі қызметі – тасымалдаушы РНК-лардың (тРНҚ) әкелген аминқышқылдарынан ақуыз молекулаларын жинақтау.

Рибосоманың суббірліктерінің аралығында саңылау болады, сол саңылау арқылы ақпаратты РНҚ молекулалары өтеді. Ал, үлкен суббірлікте қалтарыс болады, ол қалтарыста жинақталушы ақуыз тізбегі орналасып, жылжиды. Аминқышқылдарды жинақтау ақпаратты РНҚ (аРНҚ) тізбегіндегі нуклеотидтердің кезектесуіне байланысты болады. Осы жолмен генетикалық ақпараттың трансляциясы жүреді.

Рибосомалар цитоплазмада бос жеке-жеке орналасуы мүмкін, кейде топтар құрайды. Осындай топтарды полирибосомалар деп атайды.

Рибосомалардың көпшілігі эндоплазмалық тордың және кариотеканың сыртқы мембраналарының бетіне бекиді. Жеке бос рибосомалар клетканың тіршілігіне қажетті ақуызды синтездейді, бекінген рибосомалар клеткадан шығарылатын ақуыздарды синтездейді.

 


Скачать