Анатомия мен физиология ғылымдарының қысқаша даму тарихы


Анатомия мен физиологияның дамуына әр елдің ғалымдары зерттеулер жүргізіп, үлкен үлес қоскан. Өте ертеден-ақ әр түрлі төжірибелер жасау арқылы адам ағзасының құрылысы мен кызметін терең зерттеп білген.

 

Мазмұны

1 Гиппократ

2 Клавдий Гален

3 Әбу Насыр әл-Фараби

4 Әбу Әли ибн Сина

5 Андреас Везалий

6 Уильям Гарвей

7 Иван Михайлович Сеченов

8 Илья Ильич Мечников

9 Иван Петрович Павлов

10 Халел Досмұхамедов

11 Пайдаланған әдебиеттер

 

Гиппократ (ж.с.д. (жыл санауға дейінгі) шамамен 460-370) –

 көне Грецияда медицина саласын жан-жакты зерттеген ғалым.

Адам денесінің құрылысына көптеген бақылаулар жасап, оны

жинақтап, бір жүйеге келтірген. Әсіресе адамның ми сауытын

 және оның жалпақ сүйектерінің бірімен-бірінің жіктер арқылы

 байланысатындығын толық сипаттаған. Омыртқалар мен қабыр-

ғалардын, бұлшық-еттердің, ірі қантамырларының кұрылысын

зерттеген. Гиппократ - анатомия ғылымының дамуына кезінде

 үлкен үлес қосқан ғалым.

                                                                                                                   

Клавдий Гален -(шамамен 130- 200) Гиппократтан кейінгі зерттеулер мен бақылаулар жүргізген римдік анатом және физиолог ғалым. Өзінің оқыған дәрістерінде маймылдың мәйітін алғаш рет қолданған. Себебі ол кезде адам мәйітімен жұмыс істеуге рұқсат етілмеген. Мидан тарайтын 12 жұп жүйкенің 7 жұбын толық сипаттап берген. Дәнекер ұлпасы, бұлшықеттер, жүйке тамырлары, бауыр мен бүйрек қантамырларын зерттеген. Ішкі мүшелер мен сүйек қабығын, сіңірлерді де сипаттаған. «Адам дене бөліктерінің міндеттері туралы» атты еңбегінде анатомиялық тұрғыдан өзінің пікірін білдіріп, мүшелердің анатомиялык құрылымының қызметімен тығыз байланысты екенін көрсеткен. К. Галеннің аталмыш еңбегі медицинада 13 ғасыр бойы құндылығын жоймай оқытылып келген.

 

Әбу Насыр әл-Фараби - (870-950)Аристотельден кейінгі ойшыл, кемеңгер философ. Ертеде және орта ғасыр да философиялық және медициналық білім бірімен-бірі тығыз байланысты болған. Әл-Фарабидің медицина ғылымдарының теориялық мәселелерін терең білгендігі оның еңбектерінен белгілі. Әл-Фараби өмір сүрген заманда жаратылыстану ғылымының дамыған саласының бірі медицина болды. Оны сол кезде «емдеу шеберлігі ғылымы» деп атады. Ол «Медицинаның міндеті - тек адам ауруларының себептерін анықтап қоймай, адамның денсаулығын сақтау жолдарын, ауруды жою жағын да зерттеиді» - деп көрсеткен. Әл-Фарабидін медицинаға ерекше көңіл бөліп адам ағзасының (организмінің) кейбір тұстарын зерттегенінен мысал келтірейік: «Қайырымды қала» еңбегінде жүрек туралы өте құнды пікірлер айткан, мысалы, «жүрек -табиғи жылылыктың көзі». Баска мүшелерге жылылық нақ осыдан тарайды, олар жүректен нәр алады; «жүрек - басты мүше, мұны тәннің ешқандай мүшесі билемейді» және т. б.Шынында да, жүрек жұмысы өздігінен жүзеге асады. Жүректің соғуын ешкім тоқтата алмайды. Әл-Фараби тек өз пікірлерін айтып қана қоймай, ұлылардың ұлысы Аристотель, К. Галеннің зерттеулеріне өз көзқарасын білдірген. Әл-Фараби - артына ірілі-ұсакты 150-ге жуық ғылыми еңбек қалдырған данышпан. Жаратылыстануға қатысты «Адам ағзасындағы мүшелер», «Жануарлар ағзасындағы мүшелердің құрылысы мен қызметі» және т. б. еңбектер жазған.

 

Тәжік дәрігері әрі философы Әбу Әли ибн Синаның (шамамен 980-1037) «Анатомия мен физиологияға кіріспе», «Дәрігерлік ғылымның ережелері» («Канон врачебной науки») еңбектері өте құнды. Бұл еңбектерінде анатомия мен физиологияны жүйелеп, қосымша мәліметтермен толықтырған. Кітап латын тіліне аударылып, 30-дан астам рет қайта басылып шыққан.

Андреас (Андрас) Везалий (1514-1564)-ғылыми анатомияның негізін салған ғалым, Италиядағы Падуан университетінің профессоры. Мәйіттермен жеке бақылаулар жүргізіп, 7 кітаптан тұратын «Адам денесінің құрылысы туралы» (1543) еңбек жазған. Бұл еңбегінде ғалым қаңқа, сіңір, бұлшықеттер, қантамырлар, жүйкелер, ішкі мүшелер, ми мен сезім мүшелерін жүйелеген. А. Везалийдің көптеген зерттеулері мен еңбектері анатомияның дамуына айтарлықтай септігін тигізді. Сондықтан да оны анатомия ғылымының негізін салушы ғалым деп орынды атайды.

 

Уильям Гарвей(1578-1657) - ағылшын дәрігері, анатом. Қанайналымның тұйык екенін алғаш рет дұрыс түсіндірген. Үлкен қанайналым шеңберінің болатынын ашқан ғалым. Ол физиология ғылымының негізін салушы ғалым.

 

Иван Михайлович Сеченовты(1829-1905) физиологияның атасы деп санайды. Қанда еріген газды алғаш рет зерттеген ғалым. Орталық жүйке жүйесіндегі тежелу үдерісін ашқан. 1863 жылы «Ми рефлекстері» еңбегін жарыққа шығарды.

 

Атақты ғалым-биолог, Нобель сыйлығының лауреаты Илья Ильич Мечников(1845-1916) лейкоциттердің (қан жасушасы) бөгде заттарды сіңіріп қорытуын фагоцитоз деп атады. Қанның лейкоцит жасушаларының қызметін жан-жақты зерттеген ғалым.Әйгілі орыс ғалымы."Адам табиғаты туралы этюдтер"деген еңбегінде қартаю және өлу проблемаларын зерттеді.

 

Иван Петрович Павлов (1849-1936)физиологияның дамуына үлкен үлес қосқан ғалым. Адам мен жануарлардың жоғары жүйке жүйесінің қызметін, қанайналымының реттелуін зерттеген. Жүрек бұлшықеттерінің жиырылуын тездететін, екіншісі - бәсеңдететін, үшіншісі - жиырылу күшін өзгертетін арнайы жүйкелердің болатынын дәлелдеді. Асқорыту физиологиясын зерттеп, шартты рефлексті ашқаны үшін 1904 жылы Нобель сыйлығы берілген.

Ғалымдардың анатомия мен физиология саласындағы зерттеулері ғылымның дамуына және медицинамен байланысына зор әсер етті.

 

Халел Досмұхамедов(1883-1939) - ұрпағының болашағы үшін күрескен қазақтың біртуар ұлы. Аз жасаса да, артына біршама еңбек жазып қалдырып үлгерген ғалым. 1920 жылдан бастап ғылыми-педагогикалық жұмыстармен шұғылданған. 1922 жылы доцент, 1929 жылы профессор атағын алған. Онық негізгі еңбектері: «Қырғыз өлкесі халқының арасында обамен қалай күресуге болады» (1918, Ташкент); «Табиғаттану» (1924, Ташкент); «Оқушының саулығын сақтау» (1925, Ташкент); «Адамның тән тірлігі» (1927, Ташкент) және т. б.

X. Досмұхамедовтың әсіресе әр мүшенің тазалығын (гигиенасын) сақтау үшін айтқан өсиеттері өз алдына бір төбе. Соның кейбіреулерінен үзіндісін ғана келтіре кетейік.

«Құлағың сау болсын десең... - құлағыңның құрылысы мен қызметін біл; құлағыңа ұрғызба, айқайлатпа, шыңғыртпа, өзің де орында; құлағыңа еш уақытта еш нәрсе тықпа; құлағыңның ішін, сыртын таза ұста...»

«Мұрның сау болсын десең... - мұрныңды әрдайым таза ұста; аузыңның тамақ жеп, сөйлеу үшін, мұрныңның тыныс алу, иіскеу үшін жаралғанын ұмытпа!»

«Тынысың сау болсын десең... - дем алғанда аузың әрдайым жабулы болсын; үйдің ішінде еденге, қабырғаға, мұрын орамалға қақырма, түкірме; киім, төсегіңді үйде қақпа; гулеген желден сақтан!»

«Көзің сау болсын десең... - ымыртта, ала көлеңкеде, жарық нашар түскенде жазба, оқыма, үй жұмысын жасама; жазғанда қою сиямен анық көрінетін сызықтың үстінен жаз; бөгде адамның сүлгісімен, бет орамалымен бетіңді, көзіңді сүртпе».

Бұл ережелер осыдан 78 жыл бұрын жазылса да осы күнге дейін құндылығын жоймай қолданылып келеді.

X. Досмұхамедов анатомия, физиология, гигиенаға бірдей көңіл бөлген. Мүшелердің гигиенасына тоқталмас бұрын оның құрылысы мен қызметін талдап барып, ең соңында гигиенасына тоқталады. Бұдан біз X. Досмұхамедовтың анатомия, физиология, гигиена ғылымдарының дамуына көп еңбек сіңіргендігін көреміз. Анатомия, физиология, гигиена ғылымдарының дамуы аталған ғалымдардың зерттеулерімен ғана шектелмейді.

 




Скачать