Қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы (1985-2006 жж.)


КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар мәселесі, ауыл шаруашылығы саласының нарықтық қатынастарға көшуге байланысты оның жаңа мазмұны мен құрылымы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қарастырылған. Аталмыш мәселе тарихи тұрғыда зерттеліп, оның жетістіктері мен кемшіліктері жан-жақты қарастырылды. 
Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан Республикасы ХХІ ғасырға күрделі өзгерістермен аяқ басты. Он жылдан астам уақытта еліміздің тәуелсіздігі мен қатар жүргізіліп келе жатқан саяси және экономикалық реформалардың маңыздылығы мен қолданбалылығына тоқталар көз жетті. Бұл мәселенің өзектілігі әлемдік қауымдастықта еліміздің нарықтық бағытта дамушы ел деп тануымен арта түсті. Себебі, Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткеніндей, «мемлекетіміз әлем таныған, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуы тиіс».

Қазақстанның халық шаруашылығының ең негізгі маңызды саласы – ауыл шаруашылығы болып табылады. Оның маңыздылығы – ең алдымен халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, ал өңдеуші өнеркәсіпті қажетті ауыл шаруашылық шикізатымен. Ауыл шаруашылығының еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатын баршымызға белгілі. Ауыл шаруашылығы дамуының деңгейі көбінесе елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайды. Қазақстанның ауыл шаруашылығына қолайлы жерлері көп болғандықтан, әлем нарығында бәсекелестікке қабілетті агроөнеркәсіп секторын дамытуға барлық мүмкіндіктері бар. Оған қоса, ел халқының жартысына жуығының әлеуметтік жағдайы ауыл аймақтарымен тығыз байланыста. Ауыл республика экономикасы дамуындағы маңызды фактор болса, ауыл халқы еліміздіқ қоғамдық – саяси тұрақтылығының да шешуші факторы болып есептеледі. Республика халқының 44 пайызы бүгінде ауылдық жерлерде тұрады. 2003-2005 жылдары Елбасының шешімімен Ауыл жылдары деп жарияланған еді. Осыған сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың үш жылдық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ауыл шаруашылығы ұлттық экономикамыздың негізін құрайды. Ауылдың әлеуметтік жағдайын, тұрғындардың тұрмысын түзеу үшін қатарынан үш жылды ауылға арнау елімізге үлкен өзгерістер әкелді. Ауылдық жерді дамыту ұғымы тек қана, ауыл шаруашылығын дамытудан әлдеқайда үлкен нәрсені көздейді. Бұл ауылдық қауымдастықты қамтитын бүкіл қатынастар кешенінің дамуы болып табылады. Демек, бүгінгі таңда ауылды жандандыру ауылдағы саяси, әлеуметтік әрі әкономикалық байланыстарды қалпына келтірудің біртұтас құрамдас бөлігі ретінде қарастыруымызға болады. Ауыл дегеніміз – сайып келгенде, халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміздің, дәстүріміздің, әдет ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары [1]. Осынау саяси-моральдык және әлеуметтік факторлардың өзі-ақ бізден ауылға барынша байсалды қарауымызды талап етеді. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жаңа концептуальдық-ғылыми көзқараспен талдап, алғаш рет тарих ғылымына бұл мәселеге жаңа ғылыми тұжырым жасау міндетін туғызды. Бірақ осыған қарамастан, бұл мәселе бойынша қазақстандық зерттеушілер арасында тарихшы ғалымдар да біраз жұмыстар тыңдырды. Олардың арасында М.К. Қозыбаев, Б.А. Төлепбаев, Г.Ф. Дахшлейгер, К. Нұрпейіс, және т.б. бар [2].
Кеңес өкіметі кезеңіндегі жүргізілген ауылдағы реформалар күткен нәтижесін бермеді, аграрлық сектордағы әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап, өндіріс көлемі қысқарып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі төмендеп, әлеуметтік жағдай жылдан-жылға шиеленісті. Осы тұрғыдан қарағанда, Кеңес үкіметінің Қазақстанда жүргізілген волюнтаристік саясаты халыққа жасалған қиянаты, дүниенені өзгертудің зорлыққа негізделген концепциясының жарқын бір көрінісі іспетті. Сондықтан да тоталитарлық жүйе кезінде біржақты, кейде субъективті және коммунистік идеология рухында зерттелген аграрлық мәселелерді қәзіргі заманның талабына сай, өткен тарихқа сын көзбен қарап, оларды жаңаша зерделеп, сараптау міндеті туындайды.

Бүгінде Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет жағдайына қол жеткізгенде тарихымыздағы осы олқылықтың орнын толтыруға жағдай жасалуда. Қоғамтану ғылымдары, соның ішінде ең алдымен тарих ғылымы үшін тарих шыңдығын қалпына келтіру – жауапты міндет, бірақ бұл өткенді зерттеумен ғана орындала қоймайды, ол бүгінгі болмысты да зерттеуді, ертеңгі ұстанар бағытты да айқындауды қажет етеді. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы тарихымен белсенді айналысып жүрген тарихшы-ғалым Т. Омарбековтың мына пікірін айтпай кетуге болмайды: «Шындық толыққанды мағынада айтыла бастады. Егер осыған дейін бұйрықшыл әміршіл-әкімшіл социализм бюрократтық жүйе жағдайында біздің өмір сүріп, еңбек еткенімізді, яғни шындықты жартыкеш, екіұшты ғана айта алғанымызды ескерсек, тарихымыздағы «ақтаңдақтарға» деген халқымыздың қазіргі ерен ынтасын түсінуге болады» [3, 3-б.]. Өтпелі кезеңнің зардабы ауыл шаруашылығына және бүкіл аграрлық секторға қолайсыз болды. Аграрлық дағдарыстың табиғаты, негізгі себептері және одан шығу жолдары ғылыми және көпшілік әдебиетте аз жазылған жоқ. Осы өзекті көкейтесті мәселе, республика Президентінің еңбектерінде, түрлі Заң және атқарушы органдардың күнделікті іс-тәжірибелерінен күн тәртібінен түспегені белгілі. Бірақ та ел экономикасының маңызды және өмірлік қажет саласының әлеуметтік проблемаларын, әкімшілік басқару жүйесінен нарықтық жүйеге көшуге байланысты, аграрлық саланың тұрақты және тиімді даму бағыттарын анықтау қажеттігі туындап отыр. Бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығындағы алға басулар нарықтық қатынастарға көшу ауыл шаруашылығын реформалауды да талап етеді. Аграрлық салада тың өзгерістер жасау үшін, өткен тарихи кезеңнің келеңді, келеңсіз тәжірибелерінен үйрене отырып алға басқанымыз жөн – деп түсінеміз. 




Скачать